20.07.2022
  105


Автор: Баян Тіленшина

Кесірлі тіл

Желімдеп қызыл тілдің кесірлері,
Байланды қол, аяғым. Шешілмеді.
Тірліктің сағатындай Сағынышым,
Қолымды соза алмадым. Кешір мені!
Жанымды сүйеп тұрған үш құбылам,
Теңескен Пайғамбармен есімдері.
Сарғайған жапырақтай қалтыраймын,
Үздігіп, Сағыныштан нәр сұраймын,
Туғаннан жесір маңдай жазған едің,
Болсаңшы енді өзің жар, Құдайым!
Пенделік адастырса, оң жол көрсет,
Сайтанның тіліне еріп, алжымайын.
Жапырақ- жүрегімнен ызғар өтті,
Сықырлап тамырымнан мұздар өтті.
Бойымда сезім өлді, төзім өлді,
Жастыққа қос жанардан сыздар өтті.
Не деген улы еді тіл садағы,
Тоқтатқан руханиятты жүз қоректі!?
Қанатсыз ақ тілегім. Бара алмадым,
Мен қазір «Барса келмес» аралдамын,
Әжелеп жүрсіңдер-ау, балапандар,
Жәудіреп жетім-бота жанарларың.
Намыстың оғы тиді жұлыныма,
Амалсыз қол соза алмай, жыр арнадым.
Сендерсіз тіршілігім бекер менің,
Толқындап тілің жетсе, не дер едің?
Сабалап қанатыңды, көзіңді алмай,
Әйтеуір ұқтырасың не керегін.
Түбіт шаш, ұлпа жүзді періштем-ау,
Жолыңда құрбаның боп өтер едім.
Тілегім бойларыңда бүлкілдесін,
Жүрегің қасіреттен күрсінбесін,
Аққудың сыңарындай аяулы бол,
Адам деп мойындатар шын күндесін.
Періште төрт жағыңнан уық болсын,
Бақ-киең үкі құстай үлпілдесін!
Патшадан парқы биік ұлықтарым!
Кәусардан ойы таза, тұнықтарым!
Сендерге ана болып саналсам-шы,
Құрамай қиқым – сиқым сынықтарын.
...Қанымнан қасиетім тарағандар,
Тамырмен дүрсілдеуді ұмытпағын!





Пікір жазу