20.07.2022
  106


Автор: Баян Тіленшина

Мықтылық сыры

Ұйқысыз атты-ау ақыры ұзақ таңым,
Қиялдың көгендемей тұзақтарын.
Тербетіп өзімді өзім әлдиледім,
Жүректің жамай алмай сызаттарын.
Қай жерден қателесіп жаңылдым деп,
Парағын өткен күннің жүз ақтардым.
Туылған сезім неге өлу керек?
Тозақты көңіл неге көру керек?
Ғаламат рухы мол табиғаттың,
Қалай да асылдарын теру керек.
Тулатқан толқын берер тылсым күш бар,
Бір қуат аларыңа сену керек.
Өлеңнің құс қанаты-ай күлтеленген!
Қазақтың қыз санаты-ай үндемеген,
Ақынның кәусарлыққа ынтызары-ай,
Жігіттік бейне сомдар бірдемеден.
Қанатты ат мыңнан біреу туылмай ма!
Жаралмас бақыт алтын мен денеден!
Тұлпарға қайраты мол қанат керек,
Жігітке самғайтұғын санат керек,
Ақынға ой түбінен маржан терер,
Рухани батырлық пен талап керек.
Гүл сезім өрлеу үшін ақ бесікте,
Аялы, мархабатты жанат керек.
Ұйқысыз атты-ау таңым, тұрайыншы,
Шашылған ойдан құрақ құрайыншы,
Аязда бүркеніп тұр жасыл шырша,
Шыршаның хәл-жағдайын сұрайыншы.
Ыстықта, суықта да өзгермейтін,
Мықтылық сырын содан ұғайыншы.





Пікір жазу