20.07.2022
129
Сезім
Бір қолым – жалын, бір қол –мұз,
Бір демде ысып, мұздаймын,
Сыр төгіп көңіл –қылқобыз,
Айтпауға шарасыздаймын.
Ауысып қаным үлгермей,
Алмасып сезім жүргендей,
Ұрланып қарай беремін,
Тұрармын қалай бір көрмей!
Көңілімнің жиектеріне,
Күнім боп иектелдің бе?
Сеңдерім кетті-ау сөгіліп,
Тулатқан толқын, келдің бе?
Өртенді сезім, өртенді!
Өрт шалса қайттім өлкемді?!
Күнім боп мәңгі тұруға,
Айтшы сен маған серт енді.