20.07.2022
  83


Автор: Баян Тіленшина

Армандайық

Ұшқын лаулар от- жүрек септігінен,
Алау жинар бойына текті білген,
Тұла бойың, сезімің асыл болмай,
Тас- алтынның не пайда көптігінен!?
Жаным –жалын адам боп тұра алғанда,
Жалынғанмын «тәубе» деп бір Аллаға,
Мен ешкімнің бұзбаймын тыныштығын,
Жаныңдамын қол созып сұранғанда.
Аққу жүрек, адами тілегім бар,
Адам аз ба сөзіңді жүре тыңдар?
Көз көргенде мүләйім басын шұлғып,
Көзің тайса , күлімсіп күлетін бар.
Кел, қоссаңшы рухани қазынаңды,
Айтар болсаң, тыңдайын базынаңды,
Арман –дүние... Жалғанның жан жұмағы,
Арман –бақыт. Жүректің жазы мәңгі!
Ойды тоқып, сезімді айта алғаның –
Тіршіліктің жасадың бай тармағын!
Адам болып келгенде не жинадың??
Енді соны жөн болар қайтарғаның!
Мақсаты жоқ күнкөріс қыс болмай ма?
Белгісі жоқ, көрген бір түс болмай ма?
Аппақ арман нұр шашып жаңармасаң,
Жан сарайың тұншыққан ыс болмай ма?
Сынақ дүние сағым боп алдамасын,
Қанат қағып серпіші –жанданарсың!
Мың ғажайып ғаламның жұлдызы боп,
Мұратыңа мың жылдық жалғанарсың!





Пікір жазу