20.07.2022
  93


Автор: Баян Тіленшина

Тағдырға

Уа, тағдыр, тәлкегіңе көнбей кілең,
Ұйытқысаң, жалын болып өрлей білем,
Қинасаң, тамған тамшым жыр болады,
Тілімен ізгіліктің сөйлеймін мен.
Жеңбесіңді сен мені білдің білем,
Қатулансаң, сақылдап күлдім кілең,
Сынай –сынай сен мені шаршадың ба?!
Шарасыздан сәт тілеп тұрдың! Білем!
Білем, менің жетеді қайсарлығым,
Қас дұшпанға достықтан жай салдырдым,
Ермегіңе бермеймін ер теңдігін,
Қаһарыңды күлкіммен тайсалдырдым.
Көз жасынан тоят, кек іздемедім,
Өзімшілге дерт болды «сіз» дегенім,
Үлгілі ісін,ізетін жазалайтын,
Өгей балаң болды ма қыз дегенің!?
Мұз, жалын!
Шынықтырар қайрағың ба?
Белімді ой-белбеумен байладың ба?
Құрыштай қайта илеп,қайрат беріп,
Өлеңді үкі еттің бе айдарыма?
Алтынның сыңғырына қарамаспын,
Қайнаған қазаныңда араластым,
Жақыным, алысым жоқ.
Адам туыс,
Мен бүгін қамын жеймін бар Алаштың





Пікір жазу