Жақсы адамдар
Тоңғанымда жылытқан шуақтарың үшін,
Жылағанда бауыр боп жұбатқаның үшін,
Тек ізгілік тілейтін мұраттарың үшін,
Сендерге қарыздармын, жақсы адамдар.
Жат адамға өзіңдей күйінгенің үшін,
Ізгіліктеріне ізетпен иілгенің үшін,
Жағымпаздықтан жиреніп, түйілгенің үшін,
Тосамын иығымды, жақсы адамдар.
Дауылында өмірдің тік тұрғаның үшін,
Адам заңын ұқпасқа ұқтырғаның үшін,
Пенделікті нұрыңмен бұқтырғаның үшін,
Перзентпін мен сендерге, жақсы адамдар.
Жамандықты жайратпақ отты арманың үшін,
Суырып қылыш, бірақ та тоқталғаның үшін,
Кімнің де болсын көңілінде жоқталғаның үшін,
Сендерге басымды ием, жақсы адамдар.
Адам деп соққан періште жүректерің үшін,
Мұз көңілім еріп, түйір жас дір еткені үшін,
Махаббат жолын күреспен бір еткенің үшін,
Мұң айтып босаңсыдым, жақсы адамдар.
Өмірді өлшер биіктен қырандығың үшін,
Өтсе де уақыт, өзгермес ұландығың үшін,
Жан туыс деп айтуға тұрарлығың үшін,
Бауырымсың қашан да, жақсы адамдар.
Опасызды кешпейтін бірбеттігің үшін,
Ардақтайтын асылым, құрметтімсің шын,
Жүрегіңнен басталар жыр көптігі үшін,
Қан тамырыңмын сендердің, жақсы адамдар.
Сеніміңнен алданған бір арманың үшін,
Тағы да сеніп, өзгермей тұра алғаның үшін,
Ақ ниеттен Адам боп құралғаның үшін,
Сендерді сүйіп өтем, жақсы адамдар.