20.07.2022
  119


Автор: Баян Тіленшина

Наурыз тойы

Халқымыздың Ұлысы,
Уақыттың қылышы,
Қара түнмен жарыста,
Озып шыққан тынысы –
Наурыз тойы
Қызыр бабам келген күн,
Жерден сезім өнген күн,
Ескі жылмен қоштасып,
Жаңа жылым енген күн –
Наурыз тойы.
Барқыт дала керілген,
Құлын босап желіден,
Самарқанның көк тасы,
Қорғасындай еріген --
Наурыз тойы.
Төрт түлігім төлдеген,
Іс жатпайтын көлденең,
Бүршік жарған ағаштар,
Ақ жауынға шөлдеген –
Наурыз тойы.
Өкпе- назды кешірген,
Пәк сезімнен есілген,
Алтыбақан тербелтіп,
Мәртебемді өсірген –
Наурыз тойы.
Жүрек сырын бөліскен,
Сәлемдесіп көріскен,
Жақсы тілек бағыштап,
Сый- сияпат беріскен –
Наурыз тойы.
Наурыз келген қастермен:
Жеті дәннен ас берген,
Жеті атама бағыштап,
Жеті жұртқа бас берген—
Наурыз тойы.
Тіршіліктің тынысы,
Елдің дәулет –ырысы,
Құтты болсын наурыз той,
Ұлы тойдың ұлысы!
Алты алаштың Ұлысы!





Пікір жазу