20.07.2022
115
Қайтер едім?
«Келмеші» деп сұрандым «кел» деп емес,
Періште деп сыр айттым пендеге емес.
Қиялыммен мен сүйген бір бейне бар,
Саған ұқсап барады мендегі елес.
Намыс оты өзімді қамшылайтын,
Өз қамалым сезімді аршымайтын,
Тек кей-кейде үн-түнсіз жанарымнан,
Сағыныштың сезімі тамшылайтын.
Түн түнегін көгілдір күн жалғады,
Тас қамалым қиыршық құм болғаны!
Жаным еріп барады, қаным еріп,
Махаббаттың жетті ме шын толғағы?!
Қиялыммен бейнеңді кестелеп тым,
Шын болмаса сезімің, не істемекпін?
Актер болсаң қайтер ем өмірдегі,
Қайтер едім?
Оһ, сонда не істемекпін?!