20.07.2022
  119


Автор: Баян Тіленшина

Аққу аңызы

Ертегіде... Нұр елінде арайланған айбыны,
Сәулеленген қуаныштан бөле алған сор-қайғыны,
Достық атты хан болыпты.
Хан тағымен бағалы,
Бірлік-тақты батыр халық лағыл, нұрдан соғады.
Достық ханға асыл тастан Бақыт тәжін кигізіп,
Төбесіне көтеріпті ел күн нұрына сүйгізіп.
Нұрдың халқы бір-біріне тек ізгілік сыйлапты,
Ұрпағына мұра етіп Ақыл-жиһаз жинапты.
Ел басына сын сәт туса, сәуле-сезім сөнбейтін,
Сөнбейтіні – Сана-уәзір азғындыққа көнбейтін.
Тек сондықтан Сана және айбынды еді Парасат,
Кеңес құрған хан халқына көрмеген-ді жара сап.
Сондықтан да бұл халықты қара ниет жеңбеген!
Не сұмдықты Сенім-сарбаз жаншып, түйреп, жерлеген.
Сенім-сарбаз Нұрдың елін кірпік қақпай қорғайды,
Достық ханға у шаша алмай, алас ұрды Сор-қайғы.
Парасатқа табынған ел күншілдікті білмеген,
Бір-біріне бақыт тілеп, «шықса жаным бір» деген.
Қате басқан бір қадамды қатал үкім оңдаған,
Аяз-тағдыр ызғарына ешкім солай тоңбаған.
Аппақ сезім, нәзік гүлді аялайтын бар ғашық,
Лағыл көлде бір аққу-қыз жүзді лағылдар шашып.
Көл жағасын жасыл-өмір, жұпар гүлдер көмкерген,
Ақ Нұр елі айдын көлін жер-жұмаққа теңгерген.
Ақ айдынның ортасында Жүрек болып гүл ашқан,
Егіз гүл бар тамырлары тұңғиықпен ұласқан.
Шуақ сүйіп, қуат жиып, шапағатты ақ таңнан,
Егіз гүлде Достық ханның жүрек-жаны сақталған.
Ана-жүрек, бала-жүрек, адал Махаббаттардан,
Нұр елінің аспанында алаулады отты Арман!
Парасат пен Сенім барда Достықты ешкім жеңбеген,
Бақыт-тәжін баянсыз деп бір жүрек те сенбеген.
Аққу-қызды елі аялап зиялы деп санады,
Аққу-ару таранғанда тамшы-дәру тамады!
Егіз гүл мен аққу, ақ нұр бір-бірінен нәр алған,
Тек үшеуі жалғыз тамшы пәк Сезімнен жаралған.
...Қара ниет мекенінде патша болған Сор-Қайғы,
Ақ Нұр елін ойрандайтын амал таппай сорлайды.
Өзімшіл ой, күншіл сезім, тас жүректер мекені,
Мақсаты оның – досты айыру, бұзу аппақ некені.
Сор-Қайғының бір сарбазы Сенімсіздік – сан сұрақ,
Қара ниет мекенінен Нұр еліне сансырап,
Жетті зорға!
Қулық-торға түсірді де Сенімді,
Сенім кейпін өзі киіп, кигізді оған кебінді.
Сенім болып жолын торып, Парасатты өлтірді,
Парасатсыз Достық-ханнан дауа тілеп ел тұрды.
Достық ханға Сенімсізден өзімшіл ой берілді,
«Босат!-деді хан халқына, - менің меншік жерімді!..»
Нұрдың халқы еркелері Аққу-қызға табынып,
Ем сұрайды Достық ханның бұл қылығын шағынып.
...Уысында Достық ханның қыздың лағыл жасы бар,
Жерге шашып, бұйырды хан:
«Аққу-қызды асыңдар!»
Парасат жоқ.
Сенімсізді тыңдап Достық жынданды,
Зауал шақта жақпағанға меңзеп тұрды зынданды.
Достық ханға Бақыт тәжі бейнет болып көрінді,
Күл-қоқысқа лақтырды оны. Бақытынан жерінді!
Егіз гүлден нұр тамбады,
Нұр орнына қан тамды!
Аққу-үнге тербелмеді ол, қыз мұңына шамданды.
...Қара ниет Сенімсіздік, қолда Сенім қылышы,
Аққу-қыздың жүрек тұсын жа-ра-ла-ды бір ұшы!
Сенімсіздік Достық ханға сыбырлайды «бір істі!»
Нұр еліне қайғы орнатып, миығынан күлісті.
Парасатсыз Нұр еліне Достық патша болмайды,
Өзімшілдік ойран салып, ұрандайды Сор-Қайғы.
Қанат сынып, жаманшылық Аққу жолын шалса да,
Достық, Сенім, Бақыт үшін Сана іздеді ол жан сала.
Сондықтан да аққу- жүрек ажалына көнбейді,
Достық ханның болашағын Сенім болып емдейді!
***
Азап шеккен Аққу-ару ақ Нұр елін тастамай,
Дәру болып қала берген,
Өзгермеген басқалай!
Аппақ сезім табиғаты! Ақ нұрлармен Жебе – Леп,
Түйремесе Сор-Қайғыны,
Аққу болу не керек?!





Пікір жазу