20.07.2022
104
Тағдырға кетпе түттіріп
Жүрегім жылап күрсіндім,
Пердесін түріп бір шынның.
Оспашы улы тырнақпен,
У сөзін айтып, бір сырдың.
Жан досым, бүгін қандайсың?
Түлкідей бізді алдайсың.
Қос ғашық –егіз жүректің,
Сыңарын неге таңдайсың?
Бөлмеші бізді, бөлмеші,
Ақ сайтан тілге көнбеші,
Жүректі бергем досыңа,
Сезімсіз ете көрмеші.
Тілегім таза, тұп-тұнық,
Адам боп қалу – мықтылық.
Жауқазын ғұмыр тілеп ем,
Тағдырға кетпе түттіріп.
Адал дос болшы, сұранам,
Мені де тапқан бір ана.
Жұбымнан бөлме, жалынам,
Налаға бақыт тұра ма?!.
Жазылып қойған заңдаймын,
Бір жанды мәңгі таңдаймын.
Ажалым бол да алып кет,
Бәрібір олсыз жанбаймын.