Тоқта деймін!
Қажет саған адал дос осындайда,
Осындайда сыр мен жыр қосылмай ма?
Жыртып-жыртып жүректі үлестірсең,
Бақытыңды қоясың сосын қайда?
Қайда лағып барасың, қайда лағып?!
Тозақ жолға бұрылдың – айдан анық.
Жастығыңның лаулаған ақ жалынын,
Қараңғы-Сор барады-ау пайдаланып.
Жүрек саған дастархан дәм-тұзы ма,
ұсынатын әр қызға, әр қызылға?!
Сүю заңын сезінбес хайуанаттар,
Жүрек –сыйлық шын ғашық жалғызыңа!
Тыңда досым, мен нағыз қарындаспын,
Түсінемін тіл-демін жалын жастың,
Тазалықта тіршілік қуаты бар,
Жиған-терген руханият...
Бәрін шаштың!
Тоқта деймін!.. Тоқта деп бұйырамын!
Тіршілікте осы ма сыйынғаның?!
Тыңдамасаң, мәс-саған бір шапалақ!
Көрсем болды, есіңнің жиылғанын.
Өкпелей бер, өкпеңе «түкірмедім»,
Дәл осы жол – мінезім бүкір менің.
Не десең де адаспай, кері қайтсаң,
«Алтыным,-деп,-барыңа шүкір» дермін.
Қажет саған тегеурін осындайда,
Тегеуріннен тексіз ой шошынбай ма!
Мені сайтан шақырса, шапалақта,
Ақ пейілді Дос керек осындайда.