20.07.2022
  137


Автор: Баян Тіленшина

Мен сенің шөліркейін тұнығыңа

Жанымның жапырақтап сыз парағын,
Жазайын жыр- шуаққа қыз-ғаламын:
Мен сені қылымсыған қыздан емес,
Жәдігөй жамандықтан қызғанамын.
Өзіңе адал сырды ақтарамын,
Жазала,
түсін,
мейлің жақтамағын.
Бар болмыс, табиғатым алдыңда тұр,
Ақ жол тек адалдықтан басталатын.
Айтатын адамым деп таныдым ба?..
Сырымды аштым саған толы мұңға.
Сүйеніп, жылап тұрдым Сенім-талға,
Жанымның бір басылмай солығы да.
Ақыл-айдын, Парасат, Ес керегі,
Ессіздің жоқ мұңға да еш керегі!
Аққу-сезім жүректі әлдилейді,
Алдар болсам, киелім, кешпе мені!
Жүрегімнің дүрсілі-дүрсіліңдей,
Дерт-дауамды өзге кім білсін сендей.
Достықты достық тербеп шарықтасақ,
Қайғыны біз қайтерміз күрсіндірмей!
Баспашы жамандыққа, сұранамын,
Жаман нәр бойға тисе – қуарамын.
Біз түгіл жұғысады металдар да,
Сен таза, мөлдір болсаң, ну аламын.
Қара дақ түспей адамшылығыңа,
Жамандық жетпей жүрсін жұлығыңа.
Жан досым, терең болшы былғанбайтын,
Мен сенің шөліркеймін тұнығыңа





Пікір жазу