20.07.2022
94
Көк аспанды тірескен
Бойжеттім, Тәңір, тез неге?
Көшеттеп бердің өзге елге,
Сыңар еттің, тәңірім,
Сөз терген, мылжың езбеге.
Бөдене «быт-быт», мен быт-шыт,
Шекемнен шықты тер шып-шып.
Айналам қою көк түтін,
Көз ашытар сөз бықсық.
Қыт-қыттап тауық – достарым,
Қосқанда «гәпте» бастарын,
Пал ашып пыш-пыш жүргенде,
Досым, сен ұқтың астарын.
Көреген досым, көреген,
Көтеріп жерден жебеген.
Жұрт күйе жағып жатса да,
Мені сәл жаман демеген.
Нөсердей сонда жауғаның!
Ақ тұйғындай сауладың!
Үні өшті іннен ін іздеп,
Қыт-қыт пен быт-быт жаулардың!
Ізіңде шындық гүлі өскен,
Ақ пейіл досым – күрескер!
Шама- шарқы жеткенше,
Көк аспанды тірескен.
Алдыңнан күтсін таң күліп,
Бақытың тұрсын жаңғырып.
Құрмет көр тіршілігіңде,
Бұйырсын иман мәңгілік!