20.07.2022
  134


Автор: Баян Тіленшина

Досыма

Кеудем сазды, кірпігім ілінбейді,
Тербейді арман, күй-көңіл дірілдейді.
Жүрегімде жасырын бір мұңым бар,
Сенен басқа ешкімге білінбейді.
Бір топырақ, бір ойдан жаралғаным,
Түн жарымда ойланбай бара алғаным,
Бір анадан егіз боп тумасақ та,
Егіздерден жақындау саналғаным.
Саған қарап жанымды мүсіндедім,
Сені танып, өмірді түсінгенмін,
Анам алыс болғанда, ақылымсың,
Саған анық сыртым мен ішімдегім.
Қажет емес қошемет, жалған қайғың,
Мінез қажет тексізді талқандайтын.
Не де болса алдама! Сен алдасаң,
Өзге түгіл өзім де жалғандаймын.
Бір сөзіңді басқаға ұттырмағам,
Достық емес қорғау, «шаң жұқтырмаған».
Кешпе менің артықтау бір ісімді,
Бір шапалақ жегізіп, ұқтыр маған!
Ниетіңе тоңғанда шуақтағам,
Сенің ғана сенімің қуат маған.
Тірегіне сүйеніп жылайды адам,
Сендей болып мені ешкім жұбатпаған.





Пікір жазу