«Қазақстан» телеарнасына 50 жыл
Ой-сана қатпарланар ақпараттан,
Сезімге келіп жеткен шартараптан.
Экраннан көгілдір таң тарамай ма,
Қалықтап аппақ айдын – ақ парақтан!
Электромагниттік толқындардың,
Тарамы тіршілікке бақ таратқан.
Алысты жақын еткен теледидар,
Аз уақыт айырылсаң, жанды қинар,
Үйіңе мың-сан керуен көш келгендей,
Көңілге керектінің бәрін сыйлар.
Әр адам жеке-жеке мұрағаттай,
Көз көріп, естігеннің бәрін жинар.
Қазақта «Қазақстан» телеарна,
Өзіңді алмастырар бір зат бар ма?!
Бастайтын мультфильмнен тәлімгерсің,
Адасқан жол сілтейсің ғашықтарға.
Тар жолда тайғақ кешкендерді танып,
Ел жанды бас иеміз асылдарға.
Кітаптан гөрі сені тез ұғамыз,
Үйіме кейіпкер мен кірер аңыз:
Керек пе жазушы мен ақын, әнші?
Керек пе тарих сырын бірге ашамыз.
Жеті қат теңіздегі тіршілікпен
Танысып, нұр-бекіре жыр жазамыз.
Ұшқырсың қиялдан да, бәр құстан да,
Қажетім АҚШ па, әлде Үндістан ба?
Нүктеңді басып қалсам жеткізесің,
Меккеге, әулиелі Түркістанға.
...Яссының бала шағы өткен Сайрам,
Ғұмар бабам қолдар-ау жыр құшқанда.
«Бетпе- бет» мінбесіне шығарасың,
Келінге үйретесің құмар асын,
Қазақтың қыраны бар Туын желпіп,
Емдеші шұбар тілдің дүбарасын.
Шәкіртім – Аббас Серік, Даниярым,
Береді кім-кімдердің сыбағасын.
Сыныңнан артық – кемдер түзеледі,
Арсыздар жалғыз емес, жүз өледі!
Телеарна, руханиятты қуатыңа,
Ой-сана адамдары тізерледі!
50 жыл тәй-тәй басқан жасың болсын,
Мың жаса техникамен жүз өнерлі!