20.07.2022
  128


Автор: Баян Тіленшина

Сүйектен өтер сөз –жебе

Сүйектен өтер сөз - жебе,
Сынбауы керек сөз неге?
Домалақ анам қызымын,
Киесі қолдар, көздеме.
Қызыл тілім, жол ащы,
Қараңғы тұман кезде де.
Боратып сөзді сақылдар,
Таңдайды ұрып тақылдар.
Қызыл тіл – теңіз, толқын деп,
Айтпаған босқа ақындар.
Тәтті де дәмді сөз айтсам,
Кер кеткенім жақындар.
Қызыл тіл – өткір алдаспан,
Ми тауына жалғасқан.
Жүректен өтер тулатып,
Көмейге кілкіп бармастан.
Көңілге сезім тұндырып,
Қақтырар қанат нарқасқам.
Сөз қуып, намыс жоқтағам,
Бір ауыз сөзге тоқтағам.
Аталы сөзде құдірет,
Кем болмас шылбыр, ноқтадан.
Тілім мен Туым, Елтаңбам,
Әнұран айтпас жоқ қоғам.
Уа, тілім, шекер- балдайсың,
Ел менен елді жалғайсың.
Буынсыз тілім былқылдап,
Кей кезде неге алдайсың?
Көмейде бұлбұл ұясы,
Гүл сезім, алтын таңдайсың.
Уа, қызыл тілім – киелім,
Бағынған ет пен сүйегім.
Қызыл тіл – Қызыр тіл болсын,
Тағзымдап басты иемін.
Қанекей, тілім, сөйлеші,
Ағытып тілдің тиегін.





Пікір жазу