20.07.2022
  165


Автор: Баян Тіленшина

Сөз өнері

Сөз өнері – дерт екен,
Өзегіңді өртеген.
«Сөз сүйектен өтеді»
деген де бар ертеден.
Сөз өсіріп көңілді,
Сөз түйеді желкеден.
Қылыштан өткір тіл мерген,
Тіл дүлдүлін кім жеңген?
Санатты ел болайық,
Көрініп бір бас, бір жеңнен.
Қаламгер мен халықтың,
Ниеті шықсын бір жерден.
Сөз деген – кие, ұлылық,
Жайланар жүйкең тынығып.
Сөзің таза болмаса,
Істерің жатар былығып.
Тілегің жетсе жүрекке,
Өлген де қолдар тіріліп.
Оятқан түртіп сананы,
Руханияттың қаламы,
Зәбір -жапа шеккенді,
Сергітер сөздің самалы..
Шындық пен сұмдық белдесіп,
Төрелік тыңдар алаңы.
Өнер алды – қызыл тіл,
Тілің, ділің – күзір, біл.
Ата салтын қастерлеп,
Өзге тілдің жүзін біл.
Ақпаратпен, кітаппен,
Адам заңын түсіндір.
Сөз үзілмес ноқтадан,
Аталы сөзге тоқтаған,
Әлдилеп алтын бесікті,
Бабамның мұңын жоқтаған.
Қаламгердей қадірлі,
Халық, сірә, жоқ маған





Пікір жазу