Салыстыру теориясы
Налыма, балам,
Бір қадірлім жанымды ұқпады деп,
Дұшпанымның пейілін құптады деп,
Егескенде шыңдалып, қайралған намыс,
Намысқа көрік басады от ауыз таныс.
Ұмытып бір кез сенде де жан барлығын,
Кеудеңді сөзбен тілгілеп, сандалды кім!?
Жылама жаным, сергі де түңілмей күтші,
Түнектей түнді серпитін таң барлығын.
Адамның барлығы адам,
Тек Таным басқа –
Биіктік сонда қарамас кәрілік, жасқа!
Сәуле бар жерде көлеңке болуы – Заңды.
Адамды Ниет бөледі дұшпан мен досқа.
Өксіме, мені тыңдашы қалқатайым,
Сұрақ болған түйінді тарқатайын:
«Физика»-«фюзис»-«табиғат» мағынасы,
Бөлшегісің! Заңына бағынасың.
Өмір-өзен,
Қайық боп елестегін,
Мүмкін бе бар қайыққа теңеспегің?
Қарсы тұрдың дейік сен бір ағысқа,
Күш көрсетіп ескекпен бұралыста,
Не дер едің?
Ескексіз қайық – жел өмір, елес дедің.
Дәрменсіздік, ессіздік демес пе едің?
Ал себеп не?
Көндікпейсің толқынның мазағына,
Өмір-өзен салады азабына.
Жел қайықтар қарсылық көрсетпейді,
«Бұйыртқанын өзеннің көрсек» дейді.
Кескізеді жолдарын ағыстарға,
Жел айдамай, озбайды жарыстарда,
Не көрсе де бәріне «шүкір» дейді,
Ескегі жоқ,
Өзенге «түкірмейді»!
Ал саған «кешеусің» деп күбірлейді.
«Артта қалып кетті-ау» деп мүсіркейді,
Неге керек ескегің? Түсінбейді.
Су ағысын теңгеріп, қозғалмадың,
Күндемедің өмірін «озғандардың»,
Ал, жағада байлаулы тұрған қайық,
«Босқа» есілген ескекке тұрды аңқайып.
...Бәрі де дұрыс әркімнің санасында,
Таусылмайды танымның таласы да!
Табиғаттың Заңы осы – салыстыру,
Түсініктен түсінік алыс тұру.
Налыма, қалқам,
Бір қадірлім жанымды ұқпады деп,
Бір қуанып, бір қайғы жұтпады деп.
Жаманды білмей, жақсыға табынар ма едік,
Қайғырып көрмей, бақытты сағынар ма едік?
Қателеспей, өспейді ешқандай пенде,
Қателіктен сабақ ал, жан сәулем, сен де!
Мұхит деп мүмкін көлшікті ұғынар ма едік?
Асқар тау деп төбеге жығылар ма едік?
Кім білсін, қалқам, қарғаны қыран дедің бе?
Өзімшіл кісі өзгені ұқпас тегінде.
Кім білсін оны.
Білерім біреу мәңгілік:
Адамдық Ниет кетпейді өрттей жандырып!
Әділет деген Ұлылық жолын кеспегін,
Жоғалмасын өзенде желкен, ескегің!