20.07.2022
  240


Автор: Баян Тіленшина

КЕЛІНГЕ

Жауқазын гүлім-келінім,
Қосаққа алған серігін.
Тағдырын шешер ақылың,
Босағам мен төрімнің.
Екі өтпейді су ағып,
Қайырылмас қайта Уақыт.
Құрметтеп үлкен-кішіні,
Өткенге жүрші дұға ғып.
Ата-енең өлсе қуанба,
Жөргектен өскен бұлар да.
Сен сүйген жарға бәйек-ті,
Жан деген бөлек шығарда.
Сол кемпір-шалдан өсесің,
Қайтарып еңбек есесін.
Қабағын бағып келіннің,
Өмірден сен де көшесің.
Еріңнің іні-ағасы –
Ұлыңның өмір сағасы.
Термешелеп мін тақсаң,
Кемиді асыл бағасы.
Көрсетіп ізет сыйламас,
Бас басына би.
Талас!
Алауыз болса ағайын,
Шуыңды ешкім жинамас.
Өзекті өртеп арманың,
Шайнауда кетіп бармағың,
Қадіріңнен айырылып,
Мәткесі болма «қарғаның».
Бірігу – өмір талабы,
«Ол-бұл» деп бөлме араны.
Шашылып қалса өрт сөнер,
Сүйеніп ағаш жанады.
Көп керек мейір, кешірім,
Тоқтатар даудың өсімін.
Атаның құнын кешкен ел,
Топырақтан бөлмес жесірін.
О, менің өркен, тамырым,
Күзімде көрген мамырым.
Білтесі өзің боласың,
Жүректе жалғыз шамымның.
Кемпір-шал, патша, падашы –
Келіндердің баласы,
Жете алмай солма қарттыққа,
Қарттардың қиын наласы.
Қайынжұрт қайта баулайды,
Бос болсаң, өсек жаулайды.
Топырағың тартса енеңе,
Басыңнан бағың аумайды.
Ордасын ұста бақ, жырдың,
Айдыны болшы пәк сырдың.
Анашым берген өмірді –
Ұлымды саған тапсырдым.
О, менің демім, серігім,
Сандығым, сырға берігім.
Жанымның нәрін тапсырып,
Қанымды саған телідім.
Төбеңе көтер «ана» деп,
Басқадан соны талап ет.
Дәл мендей ешкім бере алмас,
Жүрегін келін, бала деп.
О, телі-қызым – келінім,
Киесі келген жерінің.
Әруағы қоршап, қолдасын,
Аруанасын елінің!





Пікір жазу