20.07.2022
  120


Автор: Баян Тіленшина

ҚАДІР

Жол қадірін білмейді құламаған,
Назды сүймес күйініп жыламаған.
Аялайды адамды адам қолы,
Аямайды жұмылса бұл алақан.
Ас қадірін білмейді ашықпаған,
Ерлік шықпас қорқақ пен жасықтардан.
Міркәм дүние ұрлайды өміріңді,
Аңыз қалар шын сүйген ғашықтардан.
Тас та тозар толассыз ағындардан,
Шын сүймейді көрмесе сағынбаған.
Көлеңке- дос қайталар қимылыңды,
Мәңгі жолдас болады жағынбаған.
Нәрлі болса, қай өмір гүлдемейді!
Шын ашынса, қандай тіл үндемейді!
Асыл туған адамның дұшпаны көп,
Періштені қай пенде күндемейді!?
Су қадірін білмейді шөлдемеген,
Ақылы таяз сөйлейді көлденеңнен.
Көзің жетпей дақ салма сыйлас жанға,
Туысыңнан кем болмас «сен» демеген.
Аяр жаннан бықсыған сөз қалады,
Дауда сына жігітті, бозбаланы.
Тексіз адам – дауасыз, жеңем деме,
Жеңіс – ұяттың әдептен озбағаны.
Сөз қадірін ұқпайды қуыс жандар,
Ақымақтар бастайды ұрыс-жанжал.
Жақының – жат, жаныңды түсінбесе,
Жансая бол, жаныммен туысқандар!





Пікір жазу