Халық айдары
Әр адам бағаланар үлеспенен,
Өзінен көрсін көшке ілеспеген.
Шайтан мен періштенің пиғылындай,
Өмірде бітпес сірә Күрес деген!
Қаламды ұстататын бір-ақ мақсат –
Ұйқыда жатқан мидың шамын жақсақ!
Дүмпуін жүрегімнің ұқса халқым,
Рухани жүрмесе екен Қазақ ақсап!
Бітірдім жоғарғы оқу, физмат. Фак-ын,
Ел мұңын сейілтуге жүрем жақын.
Толқытсам көңіл түбін оқырманның,
Жанғаны сол болады менің Бағым.
Әдебиет, мәдениетті буған ноқта –
Жоқшылық бұрар бізді қандай топқа?
Болса да аузы қисық бай сөйлейтін,
Баяғы заман қайта туған жоқ па?
Білімсіз білте шамың жанады ма?
Тарихтың кім ден қояр сабағына?
Бар басты білім ғана биіктетер,
Уақыттың қалмайықшы обалына.
Қоссам-шы тіршілікке үлесімді –
Қалдырып Роман, Повесть, Жыр есімді.
Кітапты негізгіге жатқызбасақ,
Бастаймыз неден сонда күресінді?
Жүректе шер толқытар қайран қайда?
Қос жанар қос тесікке айналмай ма?
Рухани мәңгүрттенсек – мал болармыз,
Қазаққа Халық деген айдар қайда?!