20.07.2022
  120


Автор: Баян Тіленшина

Аруана анама

Адамдықтың жина деп қасиетін,
Қаныммен бір тарайды өсиетің.
«Елім-елім» деп соққан пейілің үшін,
Ұрпағыңмын рухыңа бас иетін.
Әлсіздің сүйенетін тірегісің,
әр адам сенен табар бір өрісін.
Ұлт, нәсілге бөлінбес, жалпы адамға,
Аруанасың!
Сен соны білемісің?
Ай қараңғы, дөңгелеп толғанымен,
Мына өмір тоңдырды жалғанымен.
Қайда кеттің, жан анам, үй де суық,
Үй ауасы жып-жылы болғанымен?
«Ақ қозым» деп кім мені іздейді екен?
Аққу болып айдында жүзбейді екем...
Асыл анам, құшағы сая, жұмақ,
Енді қайтып табылмас Сіздей мекен.
Нәзік үнің, мінәйім, сәби түрің,
Дөрекі сөз білмейтін тілің шырын.
Асыл анам, осынша қымбат па едің,
Білем деуші ем, білмеппін мұны бұрын.
«Жарығым – Баян...» деумен солды демің,
Қызғылт нұр аздап қалып... оңды денің.
Жаныма болмысыңмен жалғандың-ау,
Жүрегім арманыңа толды менің!
Арман – жол қуып, санам сүрлігеді,
Бір мақсат – ұрпағыңның бірлігі еді.
Төбеме тәж көтеріп, биіктеттім,
Сен сепкен қасиеттен жыр түледі.





Пікір жазу