20.07.2022
  107


Автор: Баян Тіленшина

ЕГІЗ ҚАЙШЫЛЫҚ

Тіршілік құпиясы неткен терең:
Күн менен түннен тұрар мына әлем.
Көлеңке сәуле арқылы жаралады,
Қонады-ау ақ қағазға қара өлең.
Жаманмен бірге төмен аласармай,
Жылайды-ау пәк көңілің әлем-жәлем.
У тісті ара ғашық нәзік гүлге,
Киелі үкі ғашық қара түнге.
Тәттіден уланады-ау тіршілігің,
Топастар оқ атпай ма білімдіге.
Бұл қандай ажырамас қайшылықтар,
Күнменен байлап қойған түнін бірге?!
Шын сүйген айта алмайды «сүйемін» деп,
Шын топас сөзге тұрмас «жүйемін» деп.
Дәндері толық бидай иіледі,
Сабанбас тікшимей ме « би едім» деп!
Тамырын жерден алған тіршілікке,
Шырмауық оралмай ма сүйегін жеп?!
Арсызға не десең де сөз өтпейді,
Ұяты бар титтей сыннан тез көктейді.
Жаманда күндейтұғын дәнеңе жоқ,
Пәс адам биіктерді өсектейді.
Адамның адамдығы – кеңдігінде,
Надандар созған қолын есептейді.
Ылдиға қарай ытқып су ағады,
Тәтті алма құрт түскеннен қуарады.
Құлпырған қызғалдақтың күні қысқа,
Арамшөп тиген жерден ну алады.
Аққудың табандары неге қара?
Шын жауап табылмаған бұған әлі.
Ақкөңіл марқаяды бергеніне,
Жалақор шалқаяды жеңгеніне.
Бір артық бір кемдікті толтырады,
Қоспайды-ау тағдыр шіркін тең-теңіне.
Қосылса екі жақсы не болар ед?
Айналар мына фәни ертегіге.





Пікір жазу