20.07.2022
129
Жаным – Өлеңге
Өзім үлкен, өлеңде шақалақпын,
Шуағынан жаралдым шапағаттың.
Күтім керек, нәр берер сүтің керек,
Керегі жоқ қатулы шапалақтың.
Білгім келед тілдерін жер мен көктің,
Үнін демеп, қылтиып шыққан шөптің,
Гүл тілеуін гүл тілмен жазсам деумен,
Мен әлі жүрек жырын жазған жоқпын.
Шөлдесем де шырылдап ұқтырамын,
Қоймайтұғын қалмайды түк сұрағым.
Тәй-тәйлетіп таңдарға жетелейсің,
Мен қашан аяғымнан тік тұрамын?!
Өзіңе ынтық едім етенеден,
Қыздарға шын ынтығу бекер ме екен?!
Қу тұрмыс Саған мойын бұрғызбастан,
Еріксіз мұрындықтап, жетелеген.
Жетті ме сағыныштың шын толғағы!
Сені ойлап, жарық күнім түн болады.
Жеті жыл айрылысқан жаным – Өлең,
Қосатын «әулие әкей» кім болады?!