Танысу
Күш иесін кей-кезде болжамады,
Вольфрам қыл қызғанда – шам жанады!
Сол секілді қызғанда қыл намысым,
Қуатыма қалың ел тамсанады.
Ақылыңды айт, айыпта әр ісімді,
Бірақ, менің жаныма Намысымды.
Онда айналып айбынды алпауытқа,
Быт-шыт етем талғамай танысымды.
Тау көтерем талқан боп алдымдағы,
Тірі болсам тоқтатпас ханның тағы.
«Әруақ!» дейді сыйынған, сол Әділет
Арқалының болмаса кімнің жағы?!
Тиме менің жаныма, қаралама!
Құдай берген мінез бар әр адамда.
Таптаймын деп талпынсаң жеңе алмайсың,
Нәп-нәзікпін сырттай бір қарағанда.
Шынында да нәзікпін аяласаң,
Шыбын ұрмай жүрмес ем аямасам.
Мені алдама тек қана, сеніп қара,
Сүйіп-сүйіп көндірем шая болсаң.
Тауық-махаббаттарға толды өмір,
Қоразданып кегжиген жігіт небір.
«Ал-бас-те-е!» деп шоқиды аққуларды,
Пәк сезімнен түйсіксіз, арсыз жебір.
Адамбыз ба?
Адамға тән қылық не?
Сөйлеу, киім, байлық пен сәнділік пе?
...Инстинкт жеңгенше үйір іздеп,
Мал атанған артық-ау мәңгілікке.
Сана, сезім, адалдық – үш өрімнен,
Адамдыққа тән ұлы күш өрілген.
Ол – махаббат, рухани қайнар бұлақ,
Тағзым етіп сусында, түс еріңнен!
Қандай бақыт жаныңды жатқа арнаған,
Бір түйір сыр қалмаса ақтармаған!
Мүмкін емес аттауы адам мұны,
Адам емес Сенімді ақтамаған!
Осы – менің ішкі сыр, жан дүнием,
Ниетім – Күн, кеудемде таң түйілген.
«Ғашық-нама» жазамын үлгі етсін деп,
Дұшпан күйіп, жырыма дос сүйінген.
Жамандығы жанына жарасар бар
Тәкәппарлау шығармын білмегенге,
Орынсыз қалжың айтып, ілмелеме.
Рас, маған ұнайды дәл осыным –
Күле алмаймын пейілсіз, күл дегенге.
Сәл былғанса тап-таза адалдығың,
Мейірімді шектейді қаталдығым.
Шынын айтқан сүйсе де, жек көрсе де,
Нар мінезді мінеуге бата алды кім?
Осалдығым – оп-оңай алданамын,
Өйткені, өзім алдауға арланамын.
Есейсем де мәңгілік өзгермейтін,
Сәбилік сезім менің таңдағаным.
Жақсы көрген кісімнің өкпелеймін,
Сәл оғаштау ісіне көпке дейін.
Жамандығы жанына жарасатын,
Жандар да тіршілікте көп пе деймін?!
\Жарастыға несіне өкпелейін!\
Адалдықтан жүрегі жаңылмайтын,
Аққу сезімділерге жаным – айдын.
Жаның туыс, сондықтан Бауырымсың,
Бауырымсың болсаң да танымайтын.
Жан туысым сыр айтып, жылайтыным,
Соның ғана алдында құлайтынмын.
Тәкәппармын, салқынмын бөтендерге,
Тек сондықтан Саған да ұнайтыным.