20.07.2022
  121


Автор: Баян Тіленшина

Ауылым

Жаралған жүрек, бауырым,
Жанымды берген ауылым.
Ақ кимешек анамдай,
Перзентіңмін тауыңның,
Өзіңсің шаттық – сауығым.
Рухымды жуған жауының,
Еркелеп күлсе бұлағым,
Ерке еткен халқым –қауымым.
Бөлшекпін саған туған жер,
Перзентпін, саған ауылым.
Бұл өмір неткен күресін,
Жылайсың, қайта күлесің.
Көмешке келіп иіліп,
Жау Жоңғар бүккен тізесін.
Үш жүзді қосқан Мәртөбем.
Дау-дамай шешкен нар төбем.
Құрылтай жиған қазақтың,
Тұсауын кескен ар төбем.
Бөлшекпін саған, Сайрам -ел,
Перзентпін саған, ауылым.
Ұрпақтың қамын ойлаған,
Қазына қарттар – бай ғалам.
Бозторғай үннен оянар,
Ұйқыда жатқан сай-салам.
Айналдым Сайрам-туыңнан,
Иассауи бабам туылған,
75 жаста ауданым,
Әулие демге жуынған.
Бөлшекпін саған, Сайрамым,
Перзентпін саған, ауылым.
Бал бұлақты Көмешім,
Бұлақтан інжу себесің.
Жер жәннәті жүз болса,
Ішінде биік төбесің.
Қырық бір лағыл көлі бар,
Қасымбек датқа ері бар,
Тіленші би мен Сейітжаппар,
Шам ұстаған сері бар.
Перзентпін саған, Көмешім,
Рухтарың бізді жебесін.
Қазақи мінез ауылым,
Ауылдың бәрі бауырым.
Жердегі жұмақ секілді,
Түр сипаты бауыңның.
Сылқылдап судың күлкісі,
Жайлауда жусар жылқысы.
Жусан иісті ақ түтін –
Ауылдың аппақ үкісі.
Бөлшекпін саған, туған жер,
Перзентпін саған, Сайрам -ел,
Перзентпін саған, ауылым.





Пікір жазу