20.07.2022
  83


Автор: Баян Тіленшина

Тілім менің

Дүрсілін жүрегімнің жеткізгенім,
Санамның нұр тілегін өткізгенім,
Мен де көк балғынымын табиғаттың,
Гүл тілмен толқын жырды төккізгенім.
Тілімнен жыр тамызып емделгенмін,
Тіл жоқта жүрек дертін емдер ме едің!?
Патшасы сезімдердің өлең болса,
Тіліме бар байлықты теңгермедім!
Тілім –ау, келмегенсің айдаладан,
Кіндігім кесілгенде байлап алғам!
Толқыған жібегіңмен жұмақ жасап,
Қаласам, қылыш жүзін қайтара алам!
Тіл жоқта кіммен қалай достасар ем?
Тәп- тәтті сөзсіз қалай қоштасар ем?
Ән салып мына барыс кең даламда,
Достар –ау, тілсіз қалай бас қосар ем?
Өз тілім, өрілгенсің өзегіммен,
Өз тілім –ата мұрам, сеземін мен.
Өз тілін ұмытқанның бәрі сатқын,
Сатқындық жаза көрсін сөз елінен!





Пікір жазу