20.07.2022
  148


Автор: Баян Тіленшина

Жамбылдың 150 жылдығына

Ерекше атты таң бүгін,
Еске алып елі Жамбылын.
Ақындар арнап жыр-шышу,
Ақтарды жырдың сандығын.
Ғасырдың бір кем құрдасы,
Қазақтың өлмес тұлғасы.
Көмейінде құсы бар,
Жыр бұлбұлы, жыр басы.
Қазақтың қара өлеңін,
Қасиет тұтып келемін.
Жамбылдың желпіп екпіні,
Абайдың ұстап елегін.
Тау болу қайда! Төбемін,
Сұрасаң көп-ау себебін.
Пенделіктен қашқақтап,
Періште болсам деп едім.
Айтқанға біз де ақынбыз,
Аспанбыз, Айға жақынбыз.
Бедерсіз табан, жылтыр сөз,
Беделді жығар тақыр мұз.
Биікті табан күндейді,
Бу кеуде өзін шың дейді.
Ақындар жүрсе шашылып,
Халықтың қамын кім жейді?
Жарасқан өлең тектіге,
Жаңылса түзеп, бекті де.
Дәуірді сізбен сүрген жоқ,
Өзіңмен өрлік кетті ме?
Ханға бермес қараны,
Нақақ жапқан жаланы,
Ақын қорғай алмаса,
Кім от болып жанады?
Дара шапқан жүйрік пе ең?
\Дарымас дарын бұйрықпен.\
Өміршеңдік өлшенбес,
Шен-шапанмен, сыйлықпен.
Түскенсің дейді жасыннан,
Жаныпсың лаулап жасыңнан.
Жоқшысы көптің болған соң,
Сондықтан халқың бас ұрған.
Сезімталдардан жыр тумақ,
Жетпей жүр бізге ынтымақ.
Жүз-жүздеп өстік, қазақы
Кигізші бүгін бір тұмақ.
Халықта мекен-тұрағың,
Өлмейді сендей шын ақын.
Күн болып тұрсаң аспанда,
Болайын жерде шырағың.
Тиегін шешіп жейдемнің,
Ақындарша сөйледім.
Бір жарым ғасыр тойыңнан,
Бұйырсын тозған көйлегің.
Тастамай кері шегеріп,
Беріп кет, ата, теберік.
Қызғалдақ-ғұмыр қыз едім,
Өсейік көп боп көгеріп.





Пікір жазу