Ақындық алғыс
Сайрамның сансыз баптары,
Беймәлім, мәлім аттары.
Рухтары бүгін оянып,
Тілдесіп елмен жатқаны.
Соққылап мәңгүрт сабырды,
Жез таңдайлар қағылды.
Толқыған теңіз түбінен,
Інжу де маржан табылды.
Сөйлемей әркез бай ұлы,
Өшпегей кедей шайыхы.
Рухани байлық болмаса,
Қазақтың тоқтар қайығы!
Жан-жағың болса өңшең ез,
Қайнатып қазан төңкермес.
Жанқияр пейіл арналмай,
Жасыған өмір жөнделмес.
Көшті бір нөпір дүркіреп,
Кеуіп тұр көңілім жыр тілеп.
Жаныма маза бермейді,
Боямасыз бір тілек.
Өмірдің түзеп ағысын,
Оңынан жеңсін тағы сын.
Көп достар «тауық» боп кетер,
Азғынның шоқып тарысын.
Қояр ең бәрін орнына,
Бұзар ең темір торды да.
Деніңе саулық тілейін,
Бастай бер көшті, қолды да!
Киесі сынды Абайдың,
Атыңды мың-мың атаймын.
Аққуға ғана лайықты,
Секілдісің ақ айдын.
Шын сөйлер жүрек тіл қатсын:
Жаныма туыс, қымбатсың,
Қазақтың барлық анасы,
Өзіңдей кие ұл тапсын.
Жұлдыздай жанған алмасым,
Жамандық жақын бармасын.
Халқың қанат, құйрық боп,
Баптардың бабы қолдасын!