20.07.2022
  211


Автор: Баян Тіленшина

Жан ағама

Ағам десем, өгейсіз,
Ағамдай болып жебейсіз.
Аты жоқ ең-ең жақыным,
Жан аға десем, не дейсіз?
Сөз саудалы заманда,
Кезіктім бір жаманға.
Сөз қадірін білмеген,
Адам кейіп Адам ба!?
Қырық жолдың тоғысы –
Бақ пен тақтың соғысы.
Билігі бар көп жігіт –
Қапшық дене қоқысы.
Ісің түссе, нан сұрар,
Сәл иліксең жан сұрар.
Ұнамасаң жаныңды,
Жаһаннамға тапсырар.
Сосын күйе жағады,
Іздеп «қылмыс» табады.
Керек болса, соңыңа
Салар «қызыл жағаны».
Бір секілді тілегі,
Күліп тұрып тіледі.
Ісің түскен сол жанда,
Жыланның бар «жүрегі».
Жылан жандар-ордалы,
Бірінің бірі қорғаны.
Бір әділдік айтқызбай,
Шын сезімді сорғаны!
Аттап ұят-аяттан,
Бірі шалды аяқтан.
Бүкіл жылан тіктелді,
Оқ жасап сөз-таяқтан.
Ұшты бастан шаштары,
Жыртты өзіндік масканы.
Тіл астынан тіл шықты,
Ашылды сөз астары.
Өтірік сән, ән қалды,
Шықты дене жаңқалы.
Аққу болып жүргеннен,
Көрдім нағыз қарғаны.
Бақ пен тақтың құлдары –
Сыған көрдім сырғалы.
Бүкіл долы жабылып,
Санатымды ұрлады.
Бәрі күлді бетіме,
Жеттік жардың шетіне.
Сүйегіме сөз атып,
Тиіспеді етіме.
Мысым шындап құрыды,
Таппай нағыз «ұрыны».
Санатсыз құр кеудемнің,
Кебе берді шырыны.
Өңшең сайтан кейіптер,
Адамсымақ кейіпкер.
Жан-жағымнан кеу-кеулеп,
Ми қайнатты жөйіттер.
Жаны ашыған секілді,
Сиыр бастар кекірді.
Жиылып сайтан қораға,
Шығарды маған «өкімді».
«Сөн-н!...» деді, сосын «Өл-л!» деді,
Бір ешкібас төрдегі.
Дөңгелекте селкілдеп,
Маймыл келін терледі.
Көрдім сондай тобырды –
Теке басты «шопырды».
«Кенгуру» мен «бегимот»,
Машинада отырды.
Қызыл бетті «маймылы»,
Әнін салды қайғылы:
«Қарттар қашан құрыр-р-р?!» деп,
Бесігін жардан тайдырды.
Өң бе, түс пе білмедім,
Көрдім «шошқа» үргенін.
Үйден үйге адақтап,
Арыз жинап жүргенін.
Қаным қатты, қарайдым,
Ұйықтамадым талай түн.
...Қалған өмір белгісін,
Сарыара- сөз талайтын.
Болды заман ақыры,
Ердің ауды ақылы.
Мейірім темір, тас болды,
Таяқталды ақыны.
...Арашалап сен келдің,
Есін бердің кемдердің.
Намысымды қайтарып,
Рух бердің, ем бердің.
Неге мені сыйладың –
Жаманатқа қимадың?
Бірге өсіп, туғам жоқ,
Батты неге күй, халім?
Мен қалайша жәй қалам,
Тереңімнен шайқалам.
Осы кезгі өмірді,
Сен бердің деп айта алам.
Өмір деген – күресін,
Адам деген – ұлы есім.
Уақыттың әрбір сәтінде,
Адам болып жүресің.
Сертінен қайтар жоқ ақын,
Соққанша соңғы сағатым.
Мен болам сізге жан туыс,
Өшсе егер отың жағатын.
Ағам десем өгейсіз,
Ағамдай болып жебейсіз.
Жаныма ең-ең жақыным,
Жан аға десем, не дейсіз?





Пікір жазу