Пір Бекет ата
Әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға
Жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан,
Сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел
Иесі, жер киесі –пір Бекет ата
Рухыңа Бекет баба, сәлем бердім,
Ұрпағы ем Ғұмар Жазық кемеңгердің,
Яссауи туған жердің перзентімін,
Оңтүстік, сансыз бапты Сайрам елдің.
Батыста - Қараобада Ғұмар бабам,
Бабамның жүрген жолы үлгі маған!
Нағашым - бесігімді жырмен өрген,
Өлеңде өрнегімді содан табам.
Мен деген екеуіңе жиен едім,
Сіздерге қарап, ойды жүйеледім,
Не деген кәусар еді сезімдерің!?
Әулие деп санау –сол деп түйер едім.
Мекендеп құз –жартастың тас үңгірін,
Үңгірден тарады ма демің шырын?
Ғаріпті айықтырып қасіреттен,
Мұқтажға ұстаттың ба сезім гүлін?
Күтіп ап, ұзатып сап еліктерің,
Құз жарған ем суыңа сеніп келдім,
Бір құшақ аппақ гүлді бергеніңде,
Таң болып, көз жасыма ерік бердім!
Қос бабам –қос әулие саналғаным,
Рухани қазына жию –бар арманым.
Инемен құдық қазған жыр- ғаламда,
Жазса екен жақұт –әріп қаламдарым.