20.07.2022
133

Өзіңді ұғындырдың...
Өзіңді ұғындырдың. Ұғындырдым,
Жанымды жанарыңда жуындырдың.
Уанды уыз сезім сәбиің боп,
Бір сәтте сүйіндіріп, суындырдың.
Тарылған тағдыр теңдік бермегесін,
Жастықтың «сайтанына» ермегенмін.
Япыр-ау, тілегіне өзге жанның,
Тұтқын боп бұрын-соңды көрмегенмін.
Керіліп амандасты ай қабағың,
Алыспыз, ауа арқылы аймаладың.
Төрт жанар телміреді көзайым боп,
Күліп те жылап тұрдың – байқағаным.
Сағынып, ынтығамыз, баралмаймыз,
Қайтусыз «Барса-келмес» аралдаймыз.
Түйсініп ұғынысқан жан-жүрекпен,
Біз неге бір адам боп жаралмаймыз.
Біріміз бірімізсіз тұра алмаймыз,
Біз неге шаңырақ боп құралмаймыз?
Адамдар жазған заңда қисын келмей,
Бірақ та махаббатта құрандаймыз.