20.07.2022
  135


Автор: Баян Тіленшина

Жылытқан нұр

Жылытқан жанды нұрым-ау,
Жазылмай кеткен жырым-ау.
Адасып қайда жүр едің,
Кезікпей сәл-сәл бұрындау?
Жарты жер шарын шарладым,
Өмірдің жаздым тармағын.
Қиылыс жолда кездесіп,
Бір жанып сөнген арманым.
Тырнадың орнын жараның,
Таусылып неге қарадың?
...Қиылыс жолдан алыстап,
Қимастан кетіп барасың.
Киелім болып кезіктің,
Күйімді неге тез ұқтың?
Күлдерін үріп ұшырдың,
Бойымда жүрген сезіктің.
Бір ысып, бірде суындым,
Сеніміңе жуындым.
Пейіліңнен нәр алды,
Бойыма біткен туындым.
Сөзіңе құлақ түріппін,
Ойыммен ойың кірікті.
Осылай маған салыпсың,
Асауға салар құрықты.
Амалым құрып, байландым,
Айдарыңа айналдым.
Егізін тапқан сезімнен,
Еріп те кетті-ау қайран мұң.





Пікір жазу