20.07.2022
  193


Автор: Баян Тіленшина

Апа

Есімде бурыл шашың, алақаның,
Мұң тұнған нұрсыз көзбен қарағаның,
Жаныңды жеп бітті ме емсіз ауру,
Жаныңмен мен де бірге жараландым.
Тірегі перзент шығар бар ананың?
Ем тауып, бірақ, шипа бола алмадым,
Құбылып, ажал айла таптырмады,
Апатай, дым болмады бар амалым.
Ажалды амалсыздан құрметтедім,
Қабірге табытыңмен бір беттедім.
Жығылдым әруағыңа тізе бүгіп,
Бетіңді топырақпен бүркетпедім.
Көзімнен аққан жасты тия алмадым,
Қап-қара, суық көрге қия алмадым,
Әжімің қайда кеткен тірліктегі?
Үмітпен, апа-ау, нені қиялдадың?
Амалсыз бөледік жер- бесігіңе,
Екі ай... Не күйдесің осы күнде?
Өзіңсіз өгей өмір көп қинайды,
Алланың амал бар ма кесіміне?
Сене алсаң, сені өлер деп сезінбеппін,
Мәңгілік жасайтұғын өзің деппін,
«Жарығым – Баян» деген соңғы лебіз,
Кеудемді оттай қарып, безілдеттің.
Кім білсін, жарығың боп жана алам ба?
Жылуым жетер ме екен бар адамға?
Табынтып орамалда қалған шашың,
Бейнеңнен от аламын қарағанда.





Пікір жазу