20.07.2022
122
Құшағына әлемді сыйғызғаным
Маңдайымды нұрлы еткен Ай-алақан,
Көңілімді гүлденткен, аялаған.
Шаттығыма шуақтап, қайғы келсе,
Жігер берген жаныма аяулы анам.
Жарық бергендігіңе табынбас ем,
Нұрлы сезім, шам берген бағым да сен.
Құшағыңа әлемді сыйғызбасаң,
Құшағыңды мен сенің сағынбас ем.
Шындығы жоқ перзентте ар бола ма?!
Сенен еміп, сыйладым нәр балама.
Жүрек, тамыр, қаныңнан бөліп беріп,
Өмір болып өсесің әр балаңда.
Нұр шуағын ғарыштың құйылдырдың,
Махаббатын мәңгі еттің қиын жырдың.
Ақ әлемді асырап ақ пейілмен,
Ақ пейілді өзіңе сыйындырдың.