20.07.2022
  141


Автор: Баян Тіленшина

Көп досым тауық боп кетті-ау...

Жан ағам –Серік бауырым,
Көзімнен сөнді сауығым,
«Қартайдым» жиырма жетімде,
Қушиып текше жауырын.
Қиынның көрдім қиынын,
Сенбесіме сиындым,
Жападан жалғыз жылатып,
Топыраққа неге бұйырдың?
Жан-жағым толған өңшең ез,
Қайнатып қазан төңкермес,
Жанқияр пейіл жұбатпай,
Жасыған өмірім жөнделмес.
Жалғыз тұр қайсар намысым,
Айтпаймын тағы-тағысын,
Көп досым тауық боп кетті-ау,
Азғынның шоқып тарысын!
Қараңғы ойдың түкпірін,
Сайтанбектің жықпылын,
біртіндеп шашып берер ең,
қауқарым жоқ-ау түк бүгін.
Жанымды иттер талады,
Жылаудан көзім қанады,
Бірге күйер ешкім жоқ,
Күн туды Сенсіз қаралы.
Дұшпаным күлді мысқылдап,
Тұтандым сонда ұшқындап,
төбеме аспан төңкерді,
тіреулі намыс –ұстынды ап.
Жақын деп, жат деп талғамай,
Дүркіреу керек болғаны –ай!
Ақындық беріп арқалы,
Жыр –тіреу берген жалған-ай!
Найзағай болды жырларым,
Сені іздеп алас ұрғаным!
құлақта даусың жаңғырды,
орнына алтын сырғамның.
Серігім, жасын Серігім,
Әр сөзге серттей берігім,
Атылған оққа жығылмай,
Жалғыз тұр жетім елігің.
Қояр ең бәрін орнына,
Бұзар ең темір торды да,
Бауырым, өзің жоқтықтан,
Жабысты қарау Сор мына.





Пікір жазу