Өмір мен өлім егіз, дос екен - ау
Жан ағам Серігім-ай сағындырған,
Жасын-от жүрегіне ақыл тұнған!
Өзімшіл қызыл- жасыл тіршілікте,
Айрылып қалдым сендей жақұтымнан!
«Мен, мен!» деп дірілдеген дүниеге,
Шынымен келгенбісің ағып нұрдан?
Шарапат сезім ғана өрістеген,
Шынымен адам кейіп періште ме ең?
Баз біреу алақайлап қуансын деп,
Әдейі шегінетін жеңістерден?
Жартысын жүрегіңнің жұлып беріп,
Қансырап қалғандығың – нең істеген?!
Жек көріп бұ дүние күншілдігін,
Жұмақта жалғасты ма тіршілігің?!
...Өзіңнің қатарыңды көрген сайын,
Сабалап қанатымды дүр сілкіндім.
Сағымды сағыныштың талшығынан,
Иірдім елес жібін ұршығымның.
Дүние жалған деген осы екен-ау,
Өмір мен өлім егіз, дос екен-ау.
Айналып жер кіндіктен таң атқанмен,
Ертеңгі қартың бүгін жас екен-ау.
Секундтап алға озған уақыттың,
Қайтымсыз қаталдығы рас екен-ау.
Жігіт ең жер- анаға бергенімде,
Шынымен 60 жасқа келгенің бе?!
Сен мына адамдармен бірге жасап,
Тәніңді ғана жерге жерледім бе?
Шынымен тірі екенсің, тірі екенсің,
Расында сенбеуші едім өлгеніңе.
Айтылмай сырың қалды-ау ақ парақта,
Жан анаң жас кейпіңді сақтамақ па?
Жанармен тауысылып қараған бір
кейпіңді жаным мәңгі жоқтамақ па!
Жер бауыры суық деген, тіршіліктің
әуені жұбаныш боп, тоқтамақ па?
Бауырым – Серігім-ай сағындырған,
Жанарға сағыныштан лағыл тұнған.
Көңілімде бір жасаған ағатайым,
Шашайын ой шашуын ағын жырдан.
Көңілінде туыс, достың өлген жоқсың,
Аңызсың адамдықты табындырған!