20.07.2022
  111


Автор: Виталий КОРОТИЧ

ЖЫР ЖОЛДАРЫ

 


Барлығы да өз жүрегін қайта бір ашу керек;
ал оны тек ауырғанда ғана ашу міндет емес.
Э. Хемингуэй.



Жазылмай жүрген жырларым – қанаты құстай қатпаған,
Ғасырлар бардай арада кешеді ғұмыр жат маған.
 Жауап бер: неге ұшпайсың –
жарақатың бар ма сенің, не?
Айт, бүгін қайда болдың сен,
келмеген жолым өмірге?
Санамның әліппелері,
рухыңды қайда шаштым мен?
Тамырымызды табайық!
Әуреге ермей бос мүлдем!
Тумаған жырым, айт маған,
Іштегі жарам, бақ маған! –
Ең шандоз жырым өзіне қауырсын қалам сақтаған!
Жаңғырық құсап келесің –
тоңдырып мені, жандырып,
Түндерде кенет толқытып – ұятым сынды жан-бүлік.
Тумаған балаларым-ай – қасіретті үнге малынған,
Жарылыс болып тынасың бұтақта бұққан жалыннан.
Ойсырап ортаң сол сәтте қалса егер, жырдың жолдары,
Талайлар бұғар тасаға, құлағын қымтап қолдары.
Қаншасын жолдан тайдырып,
қанша шайырға жан салып,
қылдыңдар бірін қақпақыл,
қалқанмен бірін қарсы алып.
Сендерден мен от тұтатам,
тамызық қып нәрсіз сөзді өлі,
Самайға тиіп ұшқындар –
қарға айналғанын көз көріп.
Ақындар өлмек, ал нағыз өлеңнің қашпас ұсқыны,
От болмаса да бұл өлең, болашақ өрттің ұшқыны!
О қанша сөздер жоғалып үлгерді менің санамнан? –
Арадағы алыс жолдардан соларды тапсам – табам мән.
Тығылып жатқан шумақ көп – табамын өтпей бақиға,
Іздеймін тынбай, майсадан іздеген жандай сақина.
От жағып түннен –
 тылсымда айналар сөздер жалынға,
Себебі, сөз де, жалын да сөнбейді адам барында!
 





Пікір жазу