20.07.2022
  141


Автор: Генрих Гейне

ВАЛТАСАР

Түн ортасы. Зілмауыр бұлт басты кеп,
Вавилонды жұтып қойған тас түнек.
Бір сарайды жалап тілі жалынның,
Қабырғадан шығады үні дабылдың.
Патшасарай лапылымен даңқы асар,
Той жасауда бүгін патша Валтасар.
Тостағандар шеңберлерді аралап,
Жалқын шашып малайлар жүр жағалап.
Құлдар батыл – шыланса егер таңдайы,
Патшаның да жазылды енді маңдайы.
Ол енді отыр сараң жұтып шараптан,
Жұтқан шарап отын қанға таратқан.
Шамшыл рух шыққа малтып, дәлірді,
Дөкір үнмен ғайбаттады ол Тәңірді.
Тарс айрыла түсті патша талағы,
Асып түсті малайлардың мадағы.
Жалт қараған, дайын болды құлы енді,
Иегова храмға оны жіберді.
Құл патшаның табанына тастады –
Жатты алтарьдың аяқта алтын аспабы.
«Шарап!» деді патша арқасы құрыстап,
Шарап құйды қасиетті ыдысты ап.
Түгел ішіп тауысты оны паңдана,
Айтты сосын көбігі ағып шамдана:
«Иегова, тұл-сүйексің тәні күл,
Вавилонда менмін патшаң, Тәңірің!»
Шықты аузынан айқай – тамақ кенеткен,
 Кеудесіне діріл енді кенеттен.
Сөнді бірден сақау күлкі таусылып,
Суық үрей алды бәрін қаусырып..
Патшасарай қабырғасын қақтаған
От үстінен қол көрінді қаптаған...
Сол саусақтар жазып жатыр мәлімдеп,
Сөздер ағып жатыр тірі жалын боп.
Меңірейіп сөнді патша жүзі осы,
Бет қуарып, дірілдейді тізесі.
Сәнді шеңбер – қалды бір сәт қимылсыз,
Құл жылжусыз, болды барлық сый құнсыз.
Сиқыршылар шақырылды; безді енді,
Оқи алмай от боп жанған сөздерді.
Дәл сол түні, таңғы шапақ тап сала,
Құлдар келіп қанжар сұқты патшаға.





Пікір жазу