19.07.2022
  236


Автор: Баян Тіленшина

Мұқағалиға

Күлсем-дағы көңілден арылмас мұң,
Мұқағали, мен саған қарындаспын,
Жаным жомарт, халқыммен тамырланғам,
Құйын, дауыл, боранға алдырмаспын.
Қара термен қара өлең соқпақ сыздым,
Қара шыбын ізіме қондырмаспын.
Күн ұясы түнді іздер алыстаған,
Батыс –анам ауылы, таныс маған,
Медресе сап, мыңдаған бала оқытып,
Жігер-күшін қазаққа қарыштаған,
Аманаттап жырының болашағын,
Мені өндірген Ғұмардай арыстаннан!
Мен бұрынғы тірлікте шығыстанмын,
Сөзіне ұйып, жаныммен ұғысқанмын.
Омар Хаям, Рудаки, Фердауси боп,
Ал, астанам –киелі Түркістаным.
Рубаят пен Абайдан өрілдім бе,
Мен солардай мойнымды тік ұстадым.
Солтүстікке қағылған Темірқазық,
Жаратылыс айналар қанат жазып,
Жер өзегін өлеңмен өрер ақын,
Жер тілінде жұлдызға амандасып.
Жұлдыз болғым келеді, Мұқағали,
Құс жолына сен бар деп болам ғашық.
Мен Оңтүстік өлкенің жыр құсымын,
Сайрамсу мен Арыстың күлкісімін,
Қазығұрттың, Тұра мен Қаратаудың
мінезі бар,
Сөйлейтін үлгісімін.
Жаралмаған жан болып күресінге,
Саған тартқан жолсыздық үрдісімін.
Тіріңде неге айтпады дарыныңды!?
Толқытты жан- дүниеңнің халі кімді?
Қазақтың жігітінен бір дос таппай,
Жүрер ең бар болғанда әлі күнгі.
Қызғаншақ, қораз мінез, тауық көздер,
Бірақ та бөле алмады халықыңды!





Пікір жазу