19.07.2022
  378


Автор: Баян Тіленшина

ҚҰРАЛАЙ ӘПКЕМЕ

Мың тоғыз жүз... 3... 7...
Сырғақ бәрі!
Адам қолдан жасады сырқаттарды!
«Халық жауы» атанып кенже Керім,
Тіленшиндер жанарын құрғатпады.
«Жау» ағасы Нұрмат пен Шерімін де,
Сейсе менен Зылиха келінін де,
Қудалады қу заман без тергізіп,
Мұрша бермей күлуге, керілуге.
Жетімдерді жұбатар лебі де жоқ,
Жұмыс та жоқ, нан табар себі де жоқ,
Айдай ана – жұбайы Тіленшінің,
Құралсам деп тіледі шегі де жоқ.
Қабыл болып Алладан сұранғаны,
Сүлейменнен қыз көріп, құралғаны!
Құралайы қамалдан ап шыққандай,
Қайырбар мен Қайсар кеп ұрандады.
Гүлім деді әжесі, күнім деді,
Түнек күннің әп –сәтте түрілгені!
...Құралайдан Ықылас,Құрас, Талғат,
Ұлжан, Гүлжан,Ботакөз гүлін өрді.
Көз ашып туғанымды көрген әпкем,
«Жаным» деп алғаш сезім берген әпкем,
Шуынан шомылмаған шарананы,
Сүйгіштеп, биіктеткен жерден әпкем.
Ертелеу кетіп қалдың арамыздан,
Төркінің айырылды сара қыздан,
Жәннәтта жаның жүрсін, иманды бол,
Дұғаңыз үзілмесін бала, қыздан.





Пікір жазу