Кәмелет жас
Өсірген алақанда еркем менің,
Өмірде өлшемі жоқ көркемдерім,
Жүректе руханияттың оты лаулап,
Жұлдыздай жарқырасын ертеңдерің!
Тіліме өлең орап, ақын еткен,
Жалғаған болашаққа желкендерім.
Арманның міндім асау кемесін де,
Жыр- шуақ толқытсам деп белесінде,
Бітірген істен көп-ау бітпегенім,
Желкендер, маған қуат бересің бе?
Ойымды орындамай өле алмаймын,
Өйтуге құқым да жоқ!
Сенесің бе?!
Жалғанған ми, жұлынға өзектерім,
Өсірген түбітіммен көжектерім,
Бірге ойнап ойыныңды, әріп жазып,
Білмеппін өмірімнің тез өткенін.
Мен- бала, сендер – дана.
Ауды уақыт,
Арқаңды тосар келді- ау кезектерің.
Ат жалын тартып, ерге қонғаныңда,
Жаратқан нұрын төксін жолдарыңа,
Бойыңа сана, сезім, саулық беріп,
Білімнің шамы жансын қолдарыңда,
Туған ел тұғырыңа тағын берсін,
Жігіт боп кәмелетке толғаныңда!