19.07.2022
  122


Автор: Баянғали Әлімжанов

ҚИЯНАТҚА ҚАРСЫЛЫҚ

1
Жазсам ба, әлде
Жазбасам ба
Бұл жырды,
Толғанумен
Талай уақыт жылжыды,
Дейді бір үн
Компьютердің заманы
Кім оқиды
Кітаптағы мылжыңды?!
Өткен қайтып орала ма
Жазғанда,
Сот жоқ деген
Жеңімпазға,
Озғанға,
Мақсатың не,
Қай мұратқа жетпексің,
Ғасырлардың
Қасіретін қазғанда?!
Ғұмыр...
Уақыт...
Секілді ме қас-қағым,
Еске аламын
Бұлағымның бастауын,
Кеше ғана
Қарасирақ бала едік
Қара жолдың
Аспанға атқан ақ шаңын,
Ақ самайлы
Ата болдық бүгінде
Арынды шақ
Алыстаған ақ сағым!
Қайран өмір...
Қайнап жатқан қанбазар.
Жанталасқан
Жеткенінше жанға ажал,
Қара өмірдің
Қазынасы қайда екен,
Қиял қумай
Тіршілікке сал назар,
Пәни,
Бақи,
Екі бірдей дүние,
Құдай берген
Несібесі мол базар,
Сол базарға
Қылмай шүкір, қанағат,
Адам неге
Бір біріне берді азар?
Жер жаралып
Адам адам болғалы
Одан асқан
Болды ма екен зор дажал?!
Қалай,
Неге,
Тәубасынан жаңылды,
Әр заманда
Зәрін төгіп
Қағынды?
Ауық-ауық
Ауытқыған ауыр ой
Ауып келіп
Ауыртады жанымды,
Тарихтағы
Қатпар, қатпар
Қиянат,
Қайнатады,
Мұздатады қанымды!
Орман
Тау мен
Мұхиттағы
Түздегі,
Обырлық пен
Озбырлықтың іздері,
Жүрегімді
Тіліп-тіліп өтеді
Үздік-создық
Қиянаттар тізбегі.
Өр елдердің
Өркен жаяр өскіні
Өртке оранып
Өкінішпен өшті үні,
Ой жүгіртсең
Өрнегіне тарихтың
Керуен керуен
Қиянаттар көшкіні.
Бір тыным жоқ
Жанталасқан жерталас,
Жалт-жұлт етіп
Көзді алдаған төр талас,
Тіршілікті
Тауысқанша тартысып,
Өлген соң да
Тоқтамайтын көр талас!
Талай қауым
Қиянаттан жоғалған,
Зорлықпенен
Қоғам бар ма оңалған,
Дәл өзіңдей
Тірі жанды жылатып,
Адам,
Қалай,
Қорықпайсың обалдан?!
Талай дана
Жаны уланып,
Ойланған,
Талай тағдыр
Жалғыз оққа
Байланған,
Біздің дәуір
Мұз дәуірден басталып
От дәуірге
Өрт дәуірге айналған!
Жер бетінен
Жоқ қылғанда көп елді
Кәне
Кімнің
Көсегесі көгерді,
Адамзатқа
Бәрін берді табиғат,
Ал адамзат
Табиғатқа не берді?
Бергені сол
Жансызға да
Жандыға,
Қорлық,
Зорлық,
Қырып, жою...
Даңғыра...
Бүкіл әлем
Тартылысы сияқты
Күллі адамдық
Қиянат та заңды ма?
Жалмаушылық жалауы боп
Жарғысы,
Баю үшін
Жұмылса да бар күші,
Оңбай жатса
Әлі күнге бұл өмір
Қиянаттан
Қор болғанның қарғысы!
Деген кімдер
Күш жеткенге зиян ет,
Қызармай ма
Жұрт жылатқан мына бет?
Тілемей ме
Қиянаттан күйгендер
Жылдамырақ
Келсе екен деп
Қиямет!
Қырып
-жойған
Күш жеткенді балталап
Қанды жеңіс
Тойға айналып салтанат,
Ей адамзат,
Келесің-ау ұялмай,
Мыңжылдықтар
Қиянатын арқалап! 
Күдікпенен
Кешке батып
Таңда үмітпен шығар күн,
Қайшылығын
Құпиясын
Дүниенің ұғар кім?
Неге адамдар
Бір-біріне
Жасайды екен қиянат?
Түсінбеймін...
Түсінбей-ақ
Өтетұғын шығармын!
Салтанатпен
Сапқа тізіп
Баратындай базарға,
Мундирлерін
Жалтылдатып
Жұлдыз шашып назарға,
Барабанын
Дауылдатып
Алаулатып жалауын,
Адам ұлын
Топ-тобымен
Айдаған кім ажалға?
От добымен
Орталарын
Опырғанда шашылған
Қызыл қанның
Дәл есебін
Қалам жүрмес жазарға,
Әскер сайлап
Сұмдық ойлап
Төгіп елдің байлығын,
Құмар неге
Өзге жұрттың
Көрін терең қазарға?
Сол қуатты
Мейірімге,
Ізгілікке арнаса,
Жоқшылықтан
Арып-ашып,
Адам
Азып-тозар ма?
Жер бетінде
Үйсіз-күйсіз
Болмас еді
Ешбір жан,
Жойылса егер
Армиялар
Арсенал мен
Казарма!
3
Қанша жанның
Қанын төгіп сорлатқан,
«Бұл қалай?» деп
Сұрай қалсаң солдаттан,
«Басшылардың
Орындауға бұйрығын
Салтанатпен
Қойғам – дейді қолды антқа,
Ат деп бұйрық
Берілгенде, амал не
Шегінетін
Жер қалмайды менде артқа,
Жауды жоқтап
Жыламаймын алайда
Мен оқ атсам
Маған қарсы ол да атқан,
Оның көзін мен жоймасам
Ол менің,
Сүйегімді
Ақ сөңке ғып сарнатпақ,
Сондықтан да
Айтқаның жөн бұл сөзді,
Басшыларға
Жау іздеген жан-жақтан»
Таба алмадым
Бұл сауалдың жауабын,
Неге сонша
Қабағына қан қатқан,
Адам ұлы
Мыңдаған жыл тарихта
Бірін бірі
Қырып-жойып зарлатқан?!
Ақырзаман
Алдында да апырмай
Қинамай ма
Ардың жүгі зіл батпан?!
Бұйрық – бұйрық,
Орындалмақ қалайда,
Бұлжымайтын
Темір тәртіп солай ма?
Біреуді ат деп
Бұйрық берсе бастығың
Қылмыскер боп
Қанға бату жарай ма?
Ол да өзіңдей
Ата-ананың баласы
Көздеп тұрып
Бұйрықтан да ары ойла...
Тоқта, солдат,
Мылтығыңды түсір де,
Нысанаңда
Кім тұрғанын абайла!
Атаңды да
Атасың ба ат десе,
Отанды да
Сатасың ба сат десе,
Ажал оғын
Аямастан елге атып
Қырып тастап
Күнәға әбден бат десе?!
Болам деме
Уақыт өтіп, таза адам,
Арылмайсың
Нахақ қаннан, назадан,
«Біз бұйрықты
Орындадық тек қана»
Деген сөзің
Құтқара алмас жазадан!
Адам қалса
Астында қар көшкіннің,
Жоқ боп кетсе
Боранында көш құмның
Амал қанша
Тағдыр дейміз осындай
Опасы жоқ
Мына жалған бес күннің,
Өзегімді өртейтіні
Адамзат,
Өз-өзіңді
Неге өлтіріп өштің мың?
Бір патшаның
Пәрменімен пәршелеп,
Талай елді
Өле-өлгенше өш қылдың,
Өзге жұртты
Езіп-жаншып, билеуді
Заң жүзінде
Дұрыс дейтін естің кім?
Басып кір деп
Бұйыруға басқа елге
Правосы
Болмау керек ешкімнің!
Өз еркінше
Өмір сүрген әр елдің
Адамдарын,
Азаматын әлемнің,
Қырып-жой деп
Бұйыруға әскерге
Хақысы жоқ
Президенттің,
Корольдің!
Көнелерден
Көкейкесті күйді ұқтым,
Сұрауы бар
Әрбір соқыр бұйрықтың,
Бар адамзат
Ар сотына тартады,
Барлығын да
Қолы қанды биліктің! 
Ар үкімі
Жүрер ме екен күштіге,
Тәкәппарлар
Тәубасына түсті ме?
Үлкен – үлкен
Ұлттар отыр үй салып
Аз ұлттардың
Аймағының үстіне!
Қалай болды
Ел біреудің отары?
Түбі отардың
Тау қопарар қаһары,
Отар деген
Бұтар сөзге сияр ма,
Ол да өзіңдей
Адамдардың отаны!
Әділеттің
Таразысы тапсыншы,
Адамзаттың
Таңы тыныш атсыншы,
Қандай сөзбен
Боямалап қойсаң да
Басқыншының
Аты бәрі бір
Басқыншы!
Қол жіберген
Жер түбіне қиялап,
Деп үйретіп
Балапанды ат, ұяны ат,
Көсемдерді
Көмкерсең де күміспен,
Баса көктеу
Қиянат қой,
Қиянат!
Мың құбылтып
Құйтырқыға салғанбыз,
Қиянатты
Мақтап,
Ақтап алғанбыз,
Қызыл қанды
Кешіп тұрып белшеден
Бір қызарып
Ұялудан қалғанбыз!
Аз халықтар
Қансыраса қорлықта
Адам деген
Атқа лайық болдық па?
Жаным күйіп
Шырылдайды жүрегім
Үлкен-кіші
Қиянат пен зорлыққа!
Азғырады
Аздырады сенсеңдер,
Әзәзілге
Негізделген өлшемдер,
Қиянаттан
Қор болғандар күйініп,
Демей ме екен:
«Иа, қиямет,
Келсең кел!»
Жұта берген
Тоймай жұртты зындандар,
Жауға кеткен
Маңдай термен жиған мал,
Отқа оранып
Күлі кеткен көкке ұшып
Көк сарайлар...
Ақ отаулар...
Вигвамдар...
Тәубәсі жоқ
Тырнақтың да, тістің де,
Көзі соқыр,
Көңілі тас күштің де,
Үлкен-үлкен
Мемлекеттер гүлдеп тұр
Үндістердің
Сүйегінің үстінде!
Тау мен орман,
Иен далада ерке өскен,
Сөзге сеніп,
Жан қиюға серттескен,
Үндістердің
Ақырғы ұлы көсемі
Монтесума
Дос болыпты Кортеспен,
Алтын тәжін
Сыйға тартқан сол досы
Басын жұтып
Үндіс оты ерте өшкен,
Көгерген жоқ
Конкистадор сонымен
Кортестің де
Көкірегін көр тескен!
Өкініштен
Өртенсе ердің өзегі,
Өртегенге
Келер кердің кезегі,
Өліп кеткен
Өр үндістің кегіндей
Беріп кеткен
Темекі мен мерезі,
Кекті көсем
Келімсекке тік қарап,
Кеудесіне
Қадап кеткен сөзі еді:
«Менің рухым
Сенен биік мәңгілік,
Зеңгір көкті
Емін-еркін кезеді,
Жаныңды улап,
Жындандырып күн сайын,
Жүйкеңді жеп,
Жүрегіңді езеді!
От қарумен
Судай шашып қанымды,
Тартып алдың
Байлығымды,
Барымды,
Сүйегімді.
Табанға сап сындырып,
Қорқауларға
Қор қылсаң да тәнімді,
Баса –көктеп
Жерімізді алсаң да
Жеңе алмайсың
Менің азат жанымды!
Малайлыққа
Мойынсұнбас өлермен
Менің рухым
Өлмейді от жебеңнен,
Құнын сұрап
Қанын даулап елімнің
Төнемін де
Тұрамын тек төбеңнен!» 5
Кетер ме естен
Өшер ме тіпті
Құрбан боп кеткен
Зиялы аттары,
Орданы өртеп
Ұлысты жойып
Орманды отап
Ұяны атқаны,
Ойран сап ойға
Жанымды жейді
Мыңдаған жылдың
Қиянаттары!
Жауабы қандай
Обалы кімге?
Зауалы қашан
Сауабы кімге?
Басталды неден
Аяғы қайда?
Ұрлайды ұйқы
Сауалы түнде.
6
Кім біледі
Тым шалықтап
Тастық па,
Жүргендейміз
Айықпайтын мастықта,
Сабыр,
Тәуба,
Қанағатты ұмытқан
Не демекпіз
Көп данышпан бастыққа?
Тек әйтеуір
Ағыл-тегіл той көрсем
Елді ойлаймын
Құрбан болған аштықта.
Осал емес
Өңкей басшы кемеңгер,
Кемеңгерлер
Бұрынғы өткен береңдер,
Онда неге
Нәрсіз қалып далада,
Аштан өліп,
Опат болды өрендер,
Тағы соқса
Сондай содыр саясат
Айла тауып
Оған төтеп берер ме ел?
Өзіңді өзің
Құтқармасаң түбінде
Біреу келіп
Құтқарады демеңдер,
Осы жайлы
Көрейікші ойланып
Жылы жерде
Жал мен жая жегендер.
Қозғамасақ
Біз тарихтың терісін,
Болашақта
Оң бола ма өрісің,
Әдейілеп
Ұрындырды-ау аштыққа
Үлкен елдер
Бітпей келген кегі үшін,
Миллиондап,
Қырды ма екен
Халықты,
Ел жойылса
Босап қалар жер үшін?!
Ашаршылық
Адамзаттың жарасы,
Қу сүйекке
Толған қазақ даласы,
Талай ғасыр
Тіршілік қып өлмеген,
Құба жонда
Құлан қуған бабасы,
Ер халықтың
Құтқаруға өзді өзін
Қалай ғана
Келмей қалды шамасы?
Темір құрсау
Шынжыр тормен басқыншы
Шырмап алып
Таусылған ғой шарасы ,
Барлық малды
Сыпырып ап өкімет
Қурап қалған
Қазан, ошақ, қорасы,
Қайтеді енді
Малмен ғана күн көрген
Аштан өлмей
Көшпендінің баласы?
Батырлығын
Бар әлемге білгізіп
Бабалары
Өткен билік жүргізіп,
Қайран елім
Қалай ғана жат жұртқа
Миллиондап
Қойды өзін қырғызып?
Бодан болып
Бөгде жұртқа бағынып,
Жандаралға
Жан қалар деп жағынып,
Құдайсыздар
Қауымына ілесіп
Өз жолынан,
Тәубасынан жаңылып,
Кім біледі
Күнәһарлық қылды ма?
Күн көсемге
Тас құдайдай табынып,
Көрнектісін
Кәмпескелеп айдатып,
Киелінің
Назасына шалынып,
Астаң-кестең
Аума-төкпе заманда
Ақыл естен
Айырылып, қағынып,
Ақырында
Ұрынды кеп аштыққа
Арандатқан
Айлакерлер жабылып!
Ақылдының
Шектен шығып қулығы,
Аңқау елді
Аштан қырса сұмдығы,
Тағдыр бірақ
Оңдырған жоқ оларды
Кездестіріп
Қанды көбік жындыны!
Десек тағы
Ақыл-ойлы, саналы,
Көп ұлттардың
Көкірегі жоғары,
Керек қылмас
Қасіретін басқа елдің
Уақыты жоқ......
Жанталасқан қоғамы,
Миллиондап
Аштан өлді халықтар
Қане, кімге
Нахақ қанның обалы?
Өшкен елді
Кім түгендер баспа-бас?
Есте сақта,
Ескерткішін тасқа бас,
Елестетші
Қалғандарды көзіңе
Айдалада,
Аяздарда
Аштан аш!
Тойынғандар
Жойылғанды ұғар ма,
Басқа түссе
Сондай іске шыдар ма?
Боздақтар-ай,
Қандай күйде болды екен,
Ақтық демі
Кеудесінен шығарда?!
Кетпес, сірә,
Көшкен өмір текке құр,
Жетер бәрі
Түп-түбінде шекке бір,
Есеп берер
Күннің күтіп кезегін
Құрбандардың
Өлмес рухы көкте жүр!
7
Өткен тарих... Ұрыстікі?
Сауық- сайран? Жұмыстікі?
Босқа кеткен уақыт деген
Дұрыс?Бұрыс? Прустыкі?
Тірі жанмен теңеспеген
Өктемдікпен өңештеген
Тәкәппарлар кердең қағып
Ешкіммен де кеңеспеген,
Содан ба екен Шопенгауэр
Дүниені елес деген.
Елді билеп алдауменен,
Жерді илеген жалмауменен,
Шындық айтқан саналыны
Асып, атып, қорлауменен,
Дүлей билік қай мұратқа
Жетпек екен ойранменен,
Содан ба екен, атам қазақ
Дүниені жалған деген!
Соқтыруы құйынды отқа
Қанқұйлыға қиын боп па,
Орнатамыз әділдік деп
Езіп елдің миын ботқа,
Қилы-қилы тағдырларды
Құрта салу қиын боп па?
Мұнай қуған мұндарларың
Үймелейді тиын-боққа,
Тайраңдаған жалмап,жайпап
Мұндайларға тиым жоқ па?
Қасіреттің тереңінде
Тұнған сыр бар өреліге,
Қан майданға балалары
Кетерде ана өбеді де,
«Жауды аямай жеңіп қайт» – деп,
Тілеп, бата бергенінде,
Дәл өзіңдей аналарды
Зарлатып кел дегені ме?
Ой жүгіртіп көрді ме екен
Қызыл қанды төгеріне,
Қырып-жойып басқа жұртты,
Баласы аман келеріне,
Белшесінен қанға батып
Бақыт, қызық көреріне,
Әділет деп, ақиқат деп
Шыныменен сенеді ме?
Ардан аттап өткен дөйлер
Жер тағдырын шешкендей ме,
Тіршіліктің түп-тамырын
Қас-қағымда кескендей ме,
Дажал бомба жасағанда
Нені ойлады Оппенгеймер,
Хиросима,Нагасаки
Күл боп ұшып кеткендей ме,
Жойылудың шет-шегіне
Шерлі адамзат жеткендей ме?!
8
Ат ойнатып
Тыныш елдің жеріне,
Бөліп – жарып
Түр – түсіне, тегіне,
Ары қарай
Не болады, ал енді
Өшпенділік
Жеткен жоқ па шегіне?!
Жер серіктер
Кеңістікте неғып жүр?
Жұрт шошынып
Шыбын жаннан безіп жүр,
Планетаны,
Шырмап алған вирустар,
Ракеталар
Арлы-берлі кезіп жүр.
Іштен тынып
Полигондар,атоллдар
Дайын жатыр
Жарылғалы атомдар,
Бөлінбесті
Бөлшектеудің зардабын
Бір- ақ сәтте
Тартқан жоқ па жапондар?!
Супермендер
Спецназдар бүгінде
Бөлеп-ақ тұр
Жердің жүзін дірілге,
Бірі жарып
Бірі мінген кемені
Тұнық суды
Лайлап айлы түніңде,
Қанша халық
Харап болды тұншығып
Теңіздердің,
Мұхиттардың түбінде!
Не көрінді
Кеуде соғып, есіріп,
Адамға адам
Соншалықты өшігіп,
Уға бөккен
Жаралы жер бетінде
Басқа шаруа
Бітті ме әлде шешіліп?
Жер сілкініп,
Дауыл соғып,күн ысып,
Мұзың еріп,
Озон жатыр тесіліп,
Өзіңе өзің
Қиянат қып келесің
Бір-біріңнің
Өміріңді өшіріп,
Өзіңді өзің
Жем қылмақсың қалайша,
Өзің ашқан
Сұмдықтарға қосылып,
Күйіп-піскен
Көңілдегі кегіңді
Компьютерге
Киберлерге көшіріп?!
Милау қылып
Даңғазамен даңғырлақ,
Әніңді улап,
Мәніңді ұрлап,
Жанды улап,
Пайғамбарды
Мазақ қылып малғұндар,
Құдайға да
Тіл тигізіп «қалжыңдап»,
Арсыздықтың
Шектен шыққан түр-түрін
Экраннан
Лақтырады ырбыңдап,
Аз емес қой
Балалар да ақкөңіл
Саған еріп
Азып-тозған тырбыңдап,
Өздерін де,
Өзгені де аямай,
Сөзге келмей
Зиян жасап,
Қан қылмақ!
Зомбылықтан
Зомбилаудан заманды
Зұлымдықтың
Зәрі жерге таралды,
Жау-жарағын
Жалақтатқан «жақсылар»
Жөндейміз деп
Қырып-жойды «жаманды»
Жүгенсіздік
Жоймасын де Жер шарын
Адамзат боп
Ойла одан да аманды ,
Жер-Ананы
Сақтау үшін жұмылып,
Жарасыммен
Жұмса қайрат, амалды,
Айтыс, тартыс,
Жолыңды ізде,
Тек қана,
Ей адамдар,
Өлтірмеңдер адамды!
Зәузатыңнан
Өшер ме екен қан дағы,
Қандай болар
Көрешегің алдағы,
Қайта оралып
Соғар түбі өзіңді
Жұртқа істеген
Жамандықтың салмағы,
Қияметке
Кетпейді деп қиянат
Айтушы еді
Біздің елдің шалдары!
Жетіп тұр ғой
Жер мен көкке зейінің,
Неге сонша
Тарылады пейілің?
Ай-әлемді
Құтқарса тек құтқарар
Иман, үміт,
Ізгілік пен мейірім!
Тағылықтан
Тамыр жайған мұз ғұрып,
Тартса дағы
Мың құйтырқы, жүз қылық,
Адам қылып
Сақтап қалған адамды
Өмір мәні
Көңіл нәрі ізгілік!
Тіршілікті
Қалтыратса ызғырық,
Қатыгездік
Айлағында жүздіріп,
Құбыжық боп
Мүлде құрып кетер ме ек
Жер бетінде
Болмаса егер ізгілік! 9
Сырыңды айтшы, дүние,
Сырғанап қайда барасың,
Зауалға батқан заманның
Таптың ба опа, дауасын?
Шыныңды айтшы, адамзат,
Асығып қайда барасың,
Ажалдан басқа алдында
Асуды қандай табасың?
Түсінбей қойдым, амал не,
Немене жұрттың қуғаны?
Алдамшы елес секілді
Даңғаза мақтан думаны.
Шүкірлік қылмай тәңірге
Табысты қуған толағай,
Адамнан асқан бар ма екен
Араны толмас қомағай?!
Жер-Ана – ортақ үйіміз
Кім оны сонша улады,
Не болар екен алған соң
Ақырғы түйір уранды?
Тәубаға келу қиын-ды,
Ұмытқандарға құдайды,
Қайтеді екен жұтқанда
Ең соңғы тамшы мұнайды?
Тынар ма екен көңілі
Ақырғы дәнді сатқанда,
Қуырып отқа Жер шарын
Ең соңғы жанды атқанда?
Тиылар ма екен жын ойнақ
Дүние – жарық сөнгенде,
Қиналар ма екен жанды ойлап
Қиямет қайым келгенде?
Уайымдап Жердің тағдырын
Қандай деп алда көресі,
Сабырмен тәуба қыласың
Ие деп құдай төреші





Пікір жазу