19.07.2022
  108


Автор: Баянғали Әлімжанов

ТӘКСИДЕГІ ТАҒДЫРЛАР

І
Кел, жолаушым,
Қане, қайда барасың?
Қатарымсың,
Бәлкім іні, ағасың?
Отыр, отыр...
Бергеніңе қанағат
Қалтаңның да байқап тұрмын шамасын.
Бөтен емес
Бәріміз де бауырмыз,
Жел көтеріп
Көшіп келген ауылмыз,
Тыным таппай
Теріп жүрген несібе
Тас жолдағы тәкси деген қауымбыз.
Тәкси!
Тәкси!
Деп күнімен қақсаймыз,
Қақсамасақ қара бақыр таппаймыз,
Түсінерсің
Тіршіліктің қамы ғой
Жанталаста жақынға да жақпаймыз;
Керілдесіп кейбіреумен теңге үшін
Кейде тегін жеткізіп те тастаймыз,
Алғанды ешкім жек көрмейді десек те
Адамдықты ақшаға біз сатпаймыз.
Айып етпе
Ескілеу деп көлігің,
Темір түгіл
Тозыңқылау көңілім,
Қуып келем тәтті үмітті тәксимен
Түзелер деп түбінде бір өмірім,
Жол қысқарсын
Әңгімені шертейік,
Тыңда менің, момақандау серігім.
Кімдер мініп
Кім түспеген тәксиден,
Тәкси артық кейбіреуге жақсы үйден,
Шындықты айтып
Басқа жерде айтпайтын
Кіжінумен,
Жұдырығын тас түйген,
Ағайларды ала зытқан кез де бар,
Асып-сасып,
Қашып шыққан басқа үйден,
Айғыз-айғыз бетін көрдік арудың,
Ақ шаштыға
Ақшасы үшін жас тиген,
Асыққаннан есі шығып абдырап,
Көрдік жұртты
Көлік үшін басты иген,
Алыс жолға адастырмай уағында
Алып барсаң
Алғыс айтып
Ақша үйген,
Айта берсем әңгіме көп...
Бір күні,
Мінді бір қыз,
Ырғатылып...
Мас күйде!
Езуінде секеңдетіп шылымын,
Елеусіздеу сездіреді қылығын,
Бүйрек бетті,
Сүп-сүйкімді,
Сүйріктей,
Сәлден кейін
Атты сөздің тығынын.
Адам – қызық,
Мейлі бір іс тындырсын,
Я күйініп,
Сағы сынып, шыңғырсын,
Бейтанысқа сыр ашады тәксиде
Түсінбеймін,
Неге екенін кім білсін?!
«Ағай, – деді,
Қарайсыз ғой түйіліп,
Отырсыз ба ішіңізден сүйініп?
Қарындас деп жақын тартып алдымен
Қырындайтын біздің қазақ қиын ұлт!
Қайырылдым
Қайыры жоқ уайымнан,
Майырылдым
Тойымы жоқ жайыннан,
Сандалкермін
Саңлақ қыздың бірімін,
Сайғақ құрлы сая тапқан Саиннан!
Ақшалыға
Табылады патша-тақ,
Ақшасызды
Алжастырып, қақсатат,
Заман солай
Билеп бізді, үйретті,
Барыңды сат!
Арыңды сат!
Ақша тап!»
Сөзін бөліп мен ақырын күңк еттім,
«Арсыз деген
Емес бірақ, жақсы атақ!»
Үндемеді
Көк түтінге көмілді,
Өксігендей...
Іштей бәлкім, егілді?!
Бір мезгілде белгі берді тоқта деп,
Түсініксіз,
Нені ойлады, не білді?
Келдім, – деді,
Мен көздеген жеріме,
Машинадан түсті ақырын,
Еріне,
Мен де түстім жол ақысын алмаққа,
Көз төңкеріп,
Күлді маған керіле,
«Сізге төлер соқыр тиын ақшам жоқ,
Натурамен алам десең – мен міне!»
Тұра қалды қолын тіреп капотқа,
Артын түріп,
Ыңғайланып «заходқа»,
Шошып кеттім,
Масқара деп, мынауың,
Шоршып түстім,
Ілінбедім шатаққа.
Сөзбен атты,
Түйіп алып қабағын:
«Бұдан басқа бар ма менен аларың?
Өмір деген – сатып алу, сатылу,
Сенің – тәкси,
Менің – тәнім тауарым!»
Қымсынбайды
Айналадан
Түнгі айдан,
Азғырады...
Деп қимылда, ыңғайлан,
Күнде саған табылмайды бұл қызық,
Айт, егер де
Қалдым десең мұндайдан,
Әйел заттың әзәзілі аз емес,
Намыс қайрап,
Ұрып-ақ тұр шымбайдан,
Жыным қайнап
Қайдан шықсаң одан шық,
Бастап кеттім әлгі қызбен бір майдан!
Ес жиғасын қарап оң мен солыма,
Тізгінімді алдым қайта қолыма,
Қара түнге сіңіп кете барды қыз,
Қала бердім бомба түсіп ойыма,
Ар туралы ақыл айтып отырып,
Қалай түстім арсыздықтың торына?!
Өмір – осы,
Мың бұралаң, сырғанақ,
Шыбын жанды шырқыратар шырмап ап,
Тура жолмен түзу келе жатқанда
Адастырар
Ойда жоқта сор қамап,
Өзегімді өртейді кеп әлдене
Өр кеудемді орып, орып, тырналап,
Неге елестей береді сол кеткен қыз
Тәлтіректеп,
Қараңғыны қармалап!
ІІ
Иә, жолаушым...
Әлі біраз жер бар ма?
Зерделей бер
Сөз арнасын аңғар да,
Кейде осылай шер тарқатып алмасақ
Қайран жүрек
Жарылмай ма арманда!
Ығы-жығы...
Кісіден де көлік көп,
Кететіндей бір бүйірден періп тек,
Мәз боламыз иномаркі мінгенге
Шетелдерден ескі-құсқы теріп кеп.
Тозса дағы құйғытады Тойотам
Оза алмайды одан тұлпар,
Тай, атан,
Заман солай...
Қалдырып ед әйтпесе
Тойотаны
Қай отаның,
Қай атаң?!
Біреу – андай,
Біреу, бәлкім мұндай дер,
Өзін-өзі тек шындықпен шыңдайды ел,
Көшіп көрген көшелі жан екенсің
Ауыз – біреу,
Құлақ – екеу,
Тыңдай бер!
Адам ұшып
Ай мен Марс, ғарышқа,
Түссе дағы компьютерлер жарысқа,
Қара жолда талай тағдыр тәксимен
Кетіп бара жатқан жоқ па алысқа...
Бөлек-салақ көп сөмкелі мінді әйел
Кенелгендей базар барып табысқа,
Жайылып кеп, молынан-ақ жайғасты,
Үсті-басын пора-пора тер басты,
Әңгімесін қоя берді ағытып
«Той жасаймын,
Қызығым, – деп, – алғашқы!
Құдай берген бір ұл, бір қыз бар менде,
Ондай балдар
Жоқ қой күллі әлемде,
Әкелері жастай қайтты,
Жеткіздім,
Ешкімнен де кем қылмадым
Шерменде,
Шүкір, міне,
Ұл үйленем деген соң
Шығып кеттім
Отыра алмай бөлмемде.
Қуанышты бөлісем деп халықпен,
Шауып жүрмін
Оттай лаулап жанып мен,
Көптен күткен қызығымды тойлауға
Бес миллион қарыз алдым банктен!
Жанды баурап
Жүретұғын жарқылдап,
Біздің қазақ,
Ақкөңіл ғой аңқылдақ,
Қазағымды айырбасқа бермеймін
Басқа жұртты әкелсең де алтындап,
Бір шалқысақ
Шалықтап та кетеміз,
Әйел де отыр
Ағыл-тегіл
Таңқылдап.
«Көрші-қолаң күңкілінен қашам деп,
Күндегеннің көкірегін басам деп,
Бәрін жиып
Ығай-сығай
Жайсаңның
Ағайыннан,
Аймағымнан асам деп,
Жұлдыздарға ән салдырып бұл тойда,
Мал-мүлкімнің түгін қоймай шашам!» деп.
Болам десең,
Жаны таза, жарқын ұлт,
Көкіректі қақпаған жөн,
Халқым, ұқ,
Лепіргенде
Тәксиімнің төбесін
Тесе жаздап
Тоқтады әрең алқынып,
Түсті әйтеуір жеткеннен соң үйіне,
Бума, бума сөмкелерін артынып.
Бас шайқадым
Іштей ептеп мұңданып,
Болса қиын
Қызың – масыл, ұл – ғаріп,
Қарызданып той жасаған – қате деп
Қанша айтсаң да
Ұғар ма екен бұл халық,
Кіріп кетіп кредитке өмірлік
Өз мойнына өзі салған бұғалық !
Жә, сонымен,
Келдім үйге іңірде,
Бала-шаға
Мәре-сәре, күлімдеп,
Шай-пәй ішіп,
Ашып қалсам телені,
Әйел отыр
Көп каналдың бірінде!
Жоқ бірақ та манағы екпін, қарқыны ,
Өшіп қалған
Жанарының жарқылы,
Сөйлеп отыр жанындағы тілші қыз.
Бір жағдайдың сезіліп тұр салқыны.
Жәрдем сұрап
Жылап – сықтап келгесін,
Тілші қалай
Әйелге сөз бермесін,
Қарызға алған
Үйін салып кепілге
Жоғалтыпты
Бес миллион теңгесін!
Әрең сөйлеп
Экраннан зарлап тұр.
Жар сап жұртқа
Көзден жасы парлап тұр.
Қайда?
Қалай жоғалтқанын білмейді
Жобалаумен
Жалпылама сарнап тұр,
Тапқан адам әкеп берсе,
Сүйінші,
Дайын ғой деп
Үміт жібін жалғап тұр.
Бұл заманда кім апарып береді.
Дәтке – қуат,
Өзін-өзі алдап тұр...
Бітті әңгіме,
Экранға айқайлап,
Қаным қайнап
Ашуымды, ал, лақтыр:
«Нең бар еді кредит ап кердеңдеп,
Барды ұқсатып
Дәміменен жан баққыр!
Шүкірлік жоқ
Күпірлікке бас ұрған,
Әй, ақымақ!
Сүйрер ме еді шашыңнан?
Моды,
Моды,
Деп жадылап жаһаннам,
Миың бу боп
Ұшып кеткен басыңнан,
Өмір құнын білетін-ақ жөнің бар,
Талай бейнет көрмеп пе едің жасыңнан,
Қанша айтсақ та
Ұқпайсыңдар...
Неліктен?
Асылық, деп,
Тым асқақтап,
Тасынған,
Жиған-терген дүниеңді аямай
Шашам деп ең...
Қалай екен шашылған?
Сен қатынға,
Шынымды айтсам, сол керек,
Таптың ба, ақыр,
Пиғылыңнан...
Осыңнан,
Сендейлерді керегі жоқ аяудың,
Қал, табаға,
Досыңнан да, қасыңнан!»
Әрең, әрең келдім, тоқтап, сабырға,
Ертеңіне жұмысыма бардым да,
Көз алдымнан кетпегесін кешегі іс,
Көлігімді ақтардым кеп тағы да,
Дорба жатыр, орындықтың астында,
Ал, не дейсің,
Мұндай қызық тағдырға!
Аяғымен теуіп, теуіп, байқамай
Кіргізген ғой, түсіріп ап, алдына...
Ашып қалсам...
Пәшкемен бес... мелион!
Мелшиемін,
Мелионға мөлием,
Ақша жатыр, арбап көзді құбылып,
Дегендейін
Ал, қанеки,
Кел, ием!
Есім шықты,
Айран-асыр ақылым,
Тыға салып,
Жүріп кеттім ақырын,
Жақсы болды,
Қажетіңе жарат деп
Ұры дауыс сыбырлайды жасырын,
Кісі ақысын жеп мұратқа жетпейсің,
Не болады,
Дейді ұятым, ақырың?
Әй, обал ғой,
Бейшараға обал ғой,
Болмаса да бірге туған жақының!»
Күні бойы әрі-сәрі,
Шыр-пыр боп,
Жанды қинап,
Өз-өзіме жүр, тұр деп,
Әдірісін сұрап алып теледен,
Іздеп келсем, отыр екен
Сұп-сұр боп,
Өзін-өзі сөгеді кеп аяусыз,
Сорасы аққан екі көзін «шыққыр» деп.
Мені көріп
Ұшып тұрды ербеңдеп,
Көктен түсті,
Шықты ма әлде жерден деп,
Екі қолдап бас салды да ақшасын,
Көпке дейін өзіне өзі келген жоқ,
«Құр сүлдерім қалды, – деді бір кезде
Тәуба, тәуба
Тек әйтеуір өлгем жоқ!»
Есін жиып,
Көзін оттай жандырды,
Ақылға кеп,
Ақ алғысын жаудырды,
Аппақ жібек орамалды,
Түйілген,
Сүйінші деп,
Разылықпен алғызды.
Бауырым деп
Ет жүрегі езіліп,
Аттандырды
Жан жылуы сезіліп,
Құстай ұштым...
Қандай бақыт
Өзіңді,
Өзің сыйлау
Адаммын деп сезініп!
ІІІ
Ей, жолаушым!
Кеттім білем көп сөйлеп,
Қайтем енді
Бара жатса тоқ кернеп,
Бір көкмылжың екен өзі деп қалма,
Тамағы тоқ, уайымы жоқ, көк көйлек.
Біздің тағдыр
Қиын әрі қызық та,
Бәрі болды,
Жақсылық та,
Бұзық та,
Мына тас жол менің жолым өмірлік,
Тартып келем
Жеткенімше сызыққа.
Мен де оқығам
Бар жоғары білімім,
Ортан қолдай көп маманның бірімін,
Бес ауылдың мал шаруасын басқарып
Бабын тауып
Өсірдім төрт түлігін.
Мыңғырған мал
Сана мейлің, санама,
Әрең сыйып жүретін сай, салаға,
Жалмауыздай жалмап түгел жан-жағын
Нарық келді,
Мың құбылып замана,
Талай сұмдық істер болды ауылда
Ойлап көрсең
Сыяр, сыймас санаға,
Табын сиыр,
Үйір жылқы бензиннің,
Түтіні боп ұшып кетті ауаға,
Естен танып, құр сенделді қайран ел,
Қаншама жыл жиған байлық...
Шамала!
Құмға құйған судай болып сарқылып,
Қалқоз құлап
Қалды халық далада...
Қара ормандай қараша үйді қиратып,
Қаңғып келдік ақырында қалаға!
Жәрдем сұрап көрдік жақсы жайсаңнан,
Белді буып,
Өттік ептеп лайсаңнан,
Кіріп кеттік кәсіпкерлік әлемге
Саттым бір кез балық әкеп Зайсаннан.
Әйтіп, бүйтіп,
Нарықты да меңгердік,
Қиындық пен қызықты да тең көрдік,
Кейде табыс қар суындай тасқындап
Сарқылғанда
Шөл кезгендей сенделдік,
Талаптанып,
Еңбек етіп жігермен,
Бірте бірте
Біз де оңалып, жөнделдік!
Иә, сәт деп
Іс орайын іздестік,
Ой жүгіртіп
Аннан, мұннан із кестік,
Беу, сәт сағат!
Кейде бар да
Кейде жоқ,
Сәт сағатым
Маған да ақыр кездесті,
Бір себептен бір себепке жалғасып,
Дүрілдеттім
Дүниелік бизнесті!
Алдымыздан ашылғандай жол даңғыл,
Ақша деген
Секілді бір мол жаңбыр,
Орайласып бір жұмысқа бір жұмыс,
Идеялар
Қаптап оң мен солдан бір,
Жарнамалап
Жер жаһанға жар салдық,
Құлағымнан кетпейді әлі сол даңғыр,
Алғашқы боп,
Алға шықтық...
Алдамшы,
Екен бәрі
Әуейілік
Болжам құр!
Ей, жолаушым,
Сөз ұққаның ұнап тұр,
Ұғымталға ықыласым құлап тұр,
Еш адамға тіс жармаған сырымды
Саған ғана айтам бүгін
Құлақ түр!
Жалған,
Жала,
Ғайбат сөз деп жынданба,
Өтірікте
Көк тиындық құн бар ма?..
Ту сыртымнан ұрды бір күн біреулер
Гаражымнан
Шығайын деп тұрғанда...
Көлікке артып,
Керіп, тартып көкпардай
Тастай салған
Ұрып-соғып зынданға,
Бір топ кісі
Тұрды төніп төбемнен
Көзімді ашып,
Есімді әрең жиғанда.
Жалтылдайды,
Жандаралдың формысы,
Жанында өңкей еңгезердей зор кісі,
Жаутаңдадым
Жанұшырып мен байғұс
Айтшы кімнің
Келер дейсің өлгісі?!
Сұсты жүзді
Суық көзді жандарал,
Сөз бастады
Жендет құсап жанды алар,
«Жағдай жаман
Түсінерсің айтпай-ақ,
Бала емессің
Мұндай іске таңданар.
Амалың жоқ,
Айтқаныма көнесің,
Қарсы болсаң
Осы жерде өлесің,
Заңдастырып
Бар қағазға қол қойып,
Бизнесіңді
Бізге түгел бересің,
Үй-жайыңды
Машинаңды өзіңе
Қалдырамыз
Тәп-тәуір күн көресің,
Құжаттарды
Біз ақтарып
Дайындап,
Әкелгенше жат осында...
Елесін,
Өткен күннің екшеп, әбден ойланып
Тағдырыңның өзің шығар төресін!»
Тастап кетті...
Тау жығардай екпіні,
Қара жерге көрсеткендей тепкіні,
Етіктері тарс-тұрс етіп еденге,
Езіп, жаншып
Жоқ қылардай «пешкіні».
Кетерінде
Кекете бір қарады,
Шекесіне
Баса киіп кепкіні, –
Қорқыныштан
Қалтырады өн-бойым
Тірі адамды аяйтұғын жоқ түрі,
Қараңғы үйде қала бердім, қор болып,
Өтті зармен
Мен бейбақтың көп күні!
Шарасызбын...
Шамам келмей жемқорға,
Тоғыз айдай тарттым азап мен торда,
Таскереңмін,
Көрсоқырмын,
Мақрұммын,
Не болды үйде?
Елде?
Жерде?
Канторда?
Жетті бір күн
Сарт-сұрт етіп жандарал
Сақылдаған сары аязды қаңтарда,
Алдыма әкеп бума-бума қағазды
Тастай салды...
«Тағдырыңды ал, таңда!
Жұмыстағы сені іздеген құрбының
Кім құлаққа іліп жатыр міңгірін,
Айттық елге,
Көп қаржыны жымқырып
Жалмай берген
Толтыра алмай ындынын,
Үйіңе айттық,
Көтере алмай тойғанын,
Желік қуып
Кебін киіп жындының,
Қашып кетті дедік сені шетелге,
Көтермекке жас тоқалдың ырбыңын,
Саған күнде жаудырады нәлетін
Балаларың,
Сүйіп алған мұңлығың,
Шыңғырсаң да шыңыраудан шыға алмас
Шынжырлаулы шалажансар шындығың,
Бәрін реттеп
Қойдық жөнге келтіріп
Тірі жанға білдірместен ым-жымын,
Соңғы айтарым,
Қолыңды қой,
Айырбас,
Бизнесіңе –
Сенің өмір, тірлігің,
Я болмаса біржолата құртамыз,
Іздеп жатыр осы күні кімді-кім?!»
Сындым ақыр,
Мойынсұндым, бағындым,
Бар байлықтан
Баз кештім де,
Арылдым,
Сұрағанын түгел бердім қол қойып,
Ешбір жаққа келген де жоқ шағынғым,
Тақыр кедей болсам да аман жүрейін
Жандарында балдарымның,
Бағымның,
Елестейді
Элита боп жүрген кез,
Бұлдыр-бұлдыр
Арасынан сағымның!
Өтірік те,
Өксу де жоқ сөзімде,
Бұл бір сынақ
Ауыр ма әлде жеңіл ме?
Кім біледі
Жасадым ба асылық
Болып, толып
Балпаң басқан кезімде.
Сүйегімнен өтіп кеткен бұл қорлық,
Мәңгі мұң боп қатып қалды көңілде,
Кейде менен бәз біреулер сұрайды
Бір тұңғиық уайым бар деп көзіңде
Оңай ма екен осыншама озбырлық
Болып жатса туып, өскен еліңде?!.
Сөйтіп бәрін артқа тастап азаптың,
Жеткізер деп келешекте ғажап күн,
Тәкси болып тартып келем,
Тәуекел,
Жол да өзімде,
Рөл де өзімде,
Азатпын,
Қанын,
Жанын
Жәһәннамға сатпаған,
Шүкіршілік,
Мұсылманмын, қазақпын!
Сау бол, достым,
Қайрылмасын қанатың,
Аман-сау жет
Жеріңізге баратын,
Кейде өмірдің өзі тәкси секілді
Біреу мініп,
Біреу түсіп қалатын!





Пікір жазу