ӘПШУ МЕН АУПАРТКОМ
Жалғанның үйір болған жаманына
Не шара арызқойдың амалына?
Цекаға біздің елден түсті қағаз
Кеңестің дәуірлеген заманында.
Ежелден пәлеқорлар іс біледі
Неліктен осылардың күшті лебі?
Мың жақсының сөзіне құлақ аспай
Күштілер сол иістен түшкіреді,
Цекаға әлгі арызқой былай жазған.
«Бұл елдің дін болып тұр күш,тірегі,
Райкомың, райисполком, милицияң
Жасырын балаларын піштіреді!»
Сөздері жалаң емес, толы факті,
Төселген жазуға әбден қолы қатты,
Бар бастықтың баласын аңдып жүріп
Моншада әпшулерін көріп апты,
Көрмегенін көшеде ұстап алып
Насыбай сұрап атқан, беріп тәтті,
Бұл түбірді жұлмаққа тапсырма алып
Бір қатал инспектор елге шапты.
Тып-тыныш елге салды дүрбелеңді,
Қайран ел ширықса да үндемеді,
Қайтейін, көнтерілі қазағым-ау
Мұндайға сенен басқа кім көнеді?
Жинады әпшу жайлы жиналысқа
Керемет қиратқандай бірдемені,
Емпеңдеп инспектор етегіне
Атақты арызқой да бірге келді.
«Ұмытып жат пиғылдан сақтануды
Қай жаққа бастайсыңдар жастарыңды?
Кестіргенді қоймасаң, керек болса
Кесіп алып тастаймыз бастарыңды!»
Әр сөзі тексергіштің болды атыстай,
Жұрт отыр төмен қарап тіл қатыспай,
Бірінші секретары аупарткомның
Тау тұлғалы Жақыпов ер Алпысбай,
Фашистпен сан айқасқан батыр еді,
Орнынан жау көргендей тұрды Алпысбай,
Қисынсыз бұл қорлыққа қаны қайнап
Қаһарға қып-қызыл боп мінді Алпысбай,
Гүр етті жым-жырт жұртты дір еткізіп
Атылып жымнан шыққан жолбарыстай.
«Қарағым, айналайын, инспектор,
Бұл арыз неге сонша жұмыс боп тұр?
Жатқанда басқа шаруа бастан асып
Әпшуден алғандары теріс боп тұр,
Терісті көп тексере бергеннен соң
Домалақ өсек-аяң өрістеп тұр!
Бері кел, арызқойым, шешен деді,
Пәле үшін туып па еді шешең деді,
Салтынан ежелгінің қайтармақ па ең
Екі елі шекте кетсе есең деді,
Қай жерде тиым салып әпшу жайлы
Жазды екен компартия көсемдері?
Бәріміз кесілгенбіз, жалған десең
Сен де шеш, мен де қазір шешем деді,
Егер де әлі күнге пішілмесең
Дәл қазір өз қолымнан кесем деді!»
Көрмеген көптен бері мұндай лаңды
Бұқпалап белсенділер тыңдай қалды,
Талтайып төрде тұрып ер Алпысбай
Шалбарын сыпыруға ыңғайланды,
Арыз жазғыш неменің дымы шықпай
Құйын қуған қаңбақтай шыр айналды!
Отырған обком, райком мүшелері
Сабыр деп арасына түсе берді,
Үрпиіп инспектор бір жақ шетте
Үндемей қара суды іше берді.
Байлаған бір арызға елін қуды
Келтіріп тәубасына белін буды,
Ендігі сөзім сізбен дегендейін
Алпысбай тексергішке бетін бұрды.
«Қазақтың қойдай қоңыр баласы бар,
Оның да жайымен бір санасыңдар,
Сүндеті – бабасынан қалған дәстүр
Несіне оған ауыз саласыңдар?!
Басшының үлкені мен кішісіне
Сәлем айт, елді де бір түсінсін де,
Өздерін бір тексеріп ең алдымен
Қарасын біріншің де, үшіншің де,
Сүңгісі бәрінің де сүндеттелген
Сенбесең – штандарын түсірсін де!
Арызқой ауымызға жабыспақ па,
Бұл жайлы жазылды екен қай уставта.
Алдында күллі әлемнің күлкі болып,
Партия енді әпшумен алыспақ па?
Табысы еліміздің еселенсін,
Балдары аман-есен өсе берсін.
Тимесе болғаны да сенікіне,
Өзінше өзінікін кесе берсін!»
Алпекең алдаспандай кесіп айтты,
Қырдағы қызыл желдей есіп айтты.
Ес жиып тексеруші, сөзге тоқтап,
Өршітпей түйіндеді осы жайтты.
Бір қаулы әпшу жайлы қабылдаудың,
Таба алмай жөн-жобасын үйге қайтты.
Шалбарын шешті ме екен басшылардың,
Біле алмай соны жұрттың миы қатты.
Бір күліп күштілерге қайран елім,
Үндемей балаларын пішіп жатты!!!