ЕСКІ ҚЫСТАУДАҒЫ ЕРТЕГІ
Қармен қымтап қой қораның іргесін,
Кенебай шал малын жайлап келгесін,
Қара тонға қара балдар бір аунап
Шай ішіліп, сақал сипап, күлгесін,
Ақ жаулығы қараңғы үйді жарық қып,
Ежелгі ескі аңыздарды халықтық.
Үскірікпен үндесе бір күрсініп,
Айтушы еді Алтын апам жарықтық.
Жалғыз қыстау ну орманның баурында,
Қырау басып бөркін Мақпал таудың да.
Әңгімені ағытатын әжеміз,
Немересін тербеп қойып алдында.
Елтіп әбден ертегінің сөзіне,
Бәрі елестеп менің бала көзіме,
Айналатын әжей жұмбақ әлемге
Ертегіден келгендей боп өзі де.
Кәрәсін шам саман үйде құбылып,
Көлеңкелер әрлі-берлі жүгіріп,
Аңыздағы аждаһа мен диюлар
Бұрыштардан қарайтындай тығылып,
Жүрек жаурап, діріл қақса тылсымнан
Әжеміздің әжімінен жылынып,
Батырлармен бірге қағып қанатын,
Бала қиял жер түбіне баратын,
Қайда шіркін сол ғажайып мөлдір шақ
Ертегіге естен танып нанатын!
Бұл өмірде емес шығар жол тегін.
Кезеді адам арман іздеп жер, көгін,
Бір белестен бір белеске асады
Бүгінгіден қызық-ау деп ертеңім,
Бірақ маған ыстық кейде бәрінен
Боранды кеш... Ескі қыстау... Ертегім!