19.07.2022
  89


Автор: Баянғали Әлімжанов

ЖҰМАБЕК БАТЫРДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ

Ақ боран, қысы қатты, қары қалың.
Солтүстік сары алтындай соры қалың.
Шынардай мұздақ тасты жарып шыққан
Ұлдары ойы терең, жаны жалын.
Тарихтың ой жүгіртсең ар жағына,
Жер үшін садаға боп мал-жаны да.
Атойлап Алаш ұлы қарсы шапқан
Жоңғардың жалақтаған қанжарына.
Жұрт болып жігін тауып жол бермеген
Жымысқы жандаралдың жанжалына.
Қып-қызыл қанға батып атамекен
Қалың жау шеп құрса да жан-жағына,
Зеңбірек зірк-зірк етіп, доп жаудырып
Замана астан-кестең болғанында
Қасқайып туған жерді қорғап қалған
Мың алғыс ата-баба аруағына!
Бұйығы бодандықтың заманында
Лаж таппай ақ патшаның амалына.
Шұбар төс, шынжырбалақ шонжарлардың
Шұрайлы жерден тайып табаны да,
Алқаптар айналып кеп түсе берген
Ақшалы алпауыттың аранына.
Көрсе де қиғаш қылық бөтендерден,
Даланы емін-еркін мекендеген,
Тағы да талай зардап тартты қазақ
Кеңестік кеңеспейтін көсемдерден.
Картаны қарындашпен бір-ақ сызып,
Жеріңді қайшыменен кесем деген.
Мың тоғыз жүз елу төрт
Жылқы жылы келгенде
Қазақстан жерінде
Тың игеру басталды
Әлемде бұрын болмаған
Мұндай үлкен көлемде.
Тербеледі тың дала
Деп айтылды өлең де.
Ерендердің еңбегі
Бейнеленді өнерде,
Масайрамай қайтеді
Біз керемет дегенге.
Көзсіз сеніп көсемге
Тасқұдайдай табынған
Көңілі соқыр керең де.
Төбесінен тастаған
Алданып тиын-тебенге
Қара халық тер төгіп
Бейнетін тартқан төменде.
Саналының ақылын
Құрсаулап ұстап шегенде,
Көңілден туған көп ойды
Қуырып алып шөгенде
Көжедей құйған тегенге.
Осының бәрін көргенде
Сабыр сақтау оңай ма
Зерек туған беренге
Ерлердің шері тарқамай
Айналған беріш, шеменге.
Арғымақты ақсатар
Тұяққа қаққан шегең де.
Өрелі жанды оңдырмас
Өкшеге кірген тебен де.
Тарылмай қоймас тынысың
Темірдей шеңгел тарбиып
Төніп тұрса төбеңде.
Оңай емес ойласаң
Тың игеру дегенің
Қатпар-қатпар құбылыс
Көп сыры жатқан тереңде!
Жайылып жер-жаһанға дабыстары.
Тынымсыз алға қарай қарыштады.
Тұяғы тұлпарлардың тиген жерді
Трактор шынжыр табан жаныштады.
Ұлы еңбек, ұлы дастан он сан ұлттың
Тағдыры бір арнада табысқаны.
Қып-қызыл қиянат қой бір жағынан
Тапталса ата жұрттың намыстары!
Бульдозер бір-ақ сүзіп зиратыңды,
Ескерткіш ескі қорым қиратылды.
Ана тіл, ата дінің қысым көріп
Қыл бұрау тартқан сымдай ширатылды.
Тың төсін тілген кезде түренімен
Қазақтың қан саулаған жүрегінен.
Жазылса жан жарасы жазылар тек
Қалтқысыз шын достықтың тілегімен!
Кең дала төңкеріліп шыр айналды.
Тың өлкесі – Целинный крайланды.
Темірмен түп-тамырын қопарып ап
Жұтуға түгелімен ыңғайланды.
Қазақтың бес облысы Солтүстігін
Қосуды Россияға шын ойланды.
Бар ма екен қазағымнан басқа халық
Көтерген қыңқ етпестен мұндай лаңды?
Күштінің жөн таңдай ма үстемдігі.
Назары несібеңе түскен күні.
Бұл аймақ бетке шыққан қаймағындай
Даланың ұлан-байтақ үштен бірі!
Советтер Одағының ел ағасы
Жарқырап Хрущевтің дана басы.
Мәскеуге қазақтарды шақыртыпты
Әрине, ішуге емес қонақ асы.
Қағады арқасынан Тәшеновті.
Совминнің Қазақстан төрағасы:
«Бір бауыр тату-тәтті болайық та,
Жер де ортақ, су да ортақ қой халайыққа, –
Бірінші секретарың күлімдейді
Кеңесі жүріп тұрған талай ұлтқа,
Соқамен ескіліктің тоңын жыртып
Орақпен достық дәнін орайық та.
Сыздатпай Солтүстікті соқыр шектей
Ресейге тұтас қоса салайық та.
Сіздің ғана қаулыңыз керек боп тұр
Қайтеді көнбегенде Қонаев та,
Бұл өзі негізінде шешілген іс
Қағаздап, заңдастырып алайық та!»
Жұмабек Никитамен дос-жар еді.
Бас қосса көп қызықты бастар еді.
Мәз-мейрам, арқа-жарқа араласып
Әзілді түйдегімен тастар еді.
Тастамай сөзін жерге, төс қағысып
Тапсырған жұмысын да қоштар еді.
Бірақ та мына сөздің жөні бөлек
Иықтан қара аспандай басқан еді.
«Кремль көк тіреген кемел сарай.
Екі етпей дегеніне көнгем талай.
Сіз басшы, сөзіңіз заң... Кешіріңіз,
Бөлшектеп туған жерді берем қалай?!
Қалса да амал қанша, көңіл мейлі,
Әділет ойыңыздан көрінбейді,
Біртұтас республика Қазақстан
Жырымдап жер мен суы бөлінбейді!»
Тілімді мына қазақ алмады деп
Хрущев қып-қызыл боп долданды кеп,
Тәшенов тайсалмады қаһарынан
Кеткендей Алпамыс пен Қобыланды боп,
Күмбезін Кремльдің кернеп кетті
Басшының ащы айқайы салған үдеп!
«Бәрі де жері емес пе Эс-сес-сердің.
Эс-сес-сер болмағанда өспес едің.
Ойыма алғанымды атқармасаң
Мен саған өле-өлгенше өштесермін,
Кісендеп, ауыздықтап, торға қамап,
Төбеңді сүйменменен көп тесермін!»
Үстелді қаһарланып соққылады,
Үндемей көнтерілі көп шыдады.
Ол кезде тырп етуге шама қайда
Соққыға себепкерді жоқ қылады.
Це-Каның мүшелері іштен тынды
Секеңдеп Хрущевтің қос құлағы.
Жұмабек жымнан атқан жолбарыстай
Қып-қызыл қос құлақты осқылады:
«Қылып ал қыларыңды, пісіріп же,
Тірідей отқа қақтап, тұшынып же,
Уатып сүйегімді, күлімді шаш
Көнбеймін мұндай қорлық ісіңізге,
Қазақтың жерін қылғи салам деген
Ой кірмесін өң түгіл түсіңізге!»
Бетіне ешкім келмеген,
Келмек түгіл бетіне
Басын шайқап көрмеген
Мұндай жауап басшының
Қамшыдай батты етіне.
«Бұл қайдан шыққан жұмыс?» – деп.
Қарыс азу – құрыштай
Қырш-қырш шайнап әр сөзін
Қандырды құлақ құрышын
Қырыс мінез Хрущев.
Жолдастар басын шұлғиды
Не десе де дұрыс деп,
Бұрыс десе бір бәле
Кетеді үлкен ұрыс боп.
Қызыл хатшы қаһарман
Ысқырып тұр жылтылдап
Қиып түсер қылыш боп!
«Зардабын көп тартарсың бұл қатаның.
Алмайды сәлеміңді бір қатарың.
Өзіңнен төмендерге кіріптар ғып
Мен саған тек түсіңде тіл қатармын.
Құны жоқ қуыршақтың сөзін қайтем
Өкімді Москвадан шығартармын!»
Қиқулатса Хрущев
Атлантика бір аунап
Шошынатын жарты әлем
Құйын ба, әлде жын ба деп?
Үрпек бастар үйірі
Төбелдей топқа төніп тұр
Үрей – құтын ұшырып,
Ушыққан сайын ура деп.
Қадалғандай жүрекке
Улы жебе тура кеп.
Сыбырлайды сақтық үн
«Бас сауғалап бұға кет!»
Көне салса «ләпбайлап»
Айғай да жоқ, шу да жоқ.
Темір тағып төсіне
Даңғазалап насихат
Жар салады жалғанға
Жер жүзілік тұлға деп,
Атамекен жері үшін,
Исі қазақ елі үшін,
Шыбын жаны шырылдап
Жалғыз шықты майданға
Жалаңтөс батыр Жұмабек!
«Ұлы едім қазақ деген бір атаның
Тереңнен төрт мұхитты тулатармын,
Бұтарлап отар елдей жұтпақшы деп
Мен сізді ай-әлемге шулатармын!
Жер берген құдай дарқан қазағыма.
Көнбейді ол құйтырқыға, мазағыңа.
Өтпейді ешкімнің де өңешінен
Тас болып тұрып қалар тамағына!»
Хрущев Тәшеновке кектенеді.
Тектіге кектенуі тектен бе еді?
Орайын келтіріп ед орап әкеп
Жұмекең жәрәйт десе, біткен еді,
Қазақтың бес облыс атырабы
Ресейдің қоластына өтпек еді.
Қарумен қанша ғасыр тындырмаған
Шаруаны бір қаулымен реттер еді.
Хрущев қазақ жерін ала алмады.
Жер-көкке Жұмабекті жамандады.
Қуғындап, қызметінен төмендетіп
Сындырып қор қылуға амалдады,
Басына бұлт төнгенде Тәшеновке
Бір қазақ арашашы бола алмады,
Жүргендер Жұмекелеп сырт айналып
Өзіне сол керек деп табалады.
Сынбады, батыр бірақ сына алмады.
Тыс қалып тіршіліктен бұға алмады.
Мысықтар пеш түбінде көзін қысқан
Ұғар ма жолбарысты бұғаудағы.
Тұрды оған өмір бойы қуат беріп
Алаштың азаттығы – ұлы арманы!
Ежелден қилы-қилы тарих қалған.
Аңыз көп үлгі тұтар алыптардан.
Уақыттың таразысы елеп-екшеп
Кімнің кім екендігі анықталған.
Ерлігі Тәшеновтің тым ерекше
Намыстың оты болып жанып қалған.
Шайқасып жалғыз өзі жаннан кешіп
Қазақтың жерін аман алып қалған!
Тәшенов келіскенде бас сауғалап
Қалып ед қазақ мәңгі масқараға.
Ресейдің меншігі боп кетер еді
Тау, орман, көл мен дала, баспанаң да,
Көкшетау, Бурабай мен Қызылжарың
Ақмола, Павлодар мен Қостанай да,
Басқаның босағасы болар еді
Бүгінгі бәйтерегің – Астанаң да!
Тағдыры ұлы ерлікке жолықтырған
Ел үшін кету бақыт, болып құрбан.
Биік ой, асқақ сезім бойын билеп
Даңқты ел тарихын толықтырған
Партия солдаты боп жүрсе дағы
Жүрегі қазағым деп соғып тұрған.
Ең жарық жұлдыздардың бірі Жүкең
Азаттық аспанында жанып тұрған!!!





Пікір жазу