19.07.2022
  145


Автор: Баянғали Әлімжанов

ӨМІРДІҢ ӨЗІ...

Өмірдің өзі адамға
Жаратқанның сыйлығы,
Жаралмай кетсең қайтер ең
Өзгеше болып бұйрығы.
Өмірдің өзі махаббат
Сүюден бәрі жаралған,
Бастауы мөлдір бұлақтай
Жайылып жерге таралған.
Өмірдің өзі мейірім,
Қайырсыз адам – адам ба?
Қол ұшын беріп бір-бірін
Құтқарған қатал заманда.
Өмірдің өзі қатігез
Емес-ау оңай сынағы,
Тағдырдың жүгі аздай-ақ
Бір-бірін пенде ұрады.
Өмірдің өзі қуаныш
Қызыққа кісі тойған ба,
Табар ма жанның рахатын
Құлашын кеңге жайғанда?
Өмірдің өзі мақтаныш
Сонымен, бәлкім, көрікті,
Болмашы баққа шаттанып
Атамыз көкке бөрікті.
Өмірдің өзі алданыш
Алданар ермек аз емес,
Емпеңдей берсең соңынан
Сенің де күнің мәз емес!
Өмірдің өзі өкініш
Өзегі күймес жан бар ма,
Патша да, дана, даңғыл да
Жеткен бе барлық арманға?
Білімнің бойлап түбіне
Өрлеген даңқы нар адам,
Өмірдің бәрі ойын деп
Алаңсыз күліп қараған.
Көнеден қозғап сыр тартсаң
Пәлсапа, толғау, кеңес көп,
Өткен ғой небір кемеңгер
Өмірдің бәрі елес деп.
Өмірдің бәрі өткінші
Өтті де кетті өң мен түс,
Өткінші жалған мәнсіз деп
Егіліп талай сөнген күш!
Даналар айтқан, құдайсыз
Тірліктің бәрі далбаса,
Адамның жаны жай таппас
Мәңгілік өмір болмаса!
Құдай жоқ болса, мән де жоқ,
Соқпай ма құйын көңілде,
Қайтеді байғұс адамзат
Имансыз өмір-өмір ме!?
Өмірдің өзі жүдетер
Уақыттан уайым оздырып,
Керегі не көп ойдың
Жанды жеп, жүйке тоздырып?!
Бәрі де бар ғой өмірде
Өлшеуге болмас бір жақты,
Уайымсыз көңіл азбай ма
Қуалай берсең қылжақты?
Өмірдің өзі ақиқат
Анығында бар нәрсе,
Арындай бермей адамзат
Ақылға салып, мән берсе.
Төрелік айтқыш өмірге
Қағидашылмыз көбіміз,
Өмірдің өзі-мағына
Ұға алмай жүрген өзіміз!





Пікір жазу