19.07.2022
98
ӘР АДАМНЫҢ ӘЛЕМІ
Әр адамның.
Өз әлемі өзінде,
Жүрегінде
Санасында
Көзінде,
Ортақтасып
Кіре алмайды басқалар
Біреу кешкен
Өмірлік ой- сезімге.
Біреу көрген азаптан да,
Рахаттан,
Бөлек етіп,
Өз сағатын санатқан,
Бір-біріне кіріктірмей
Кісіні
Құдай қалай
Керемет қып жаратқан!
Бөлек сенен
Ата-анаң да,
Ел,
Бала,
Дос та бөлек,
Сырлассаң да мұңдана,
Сезілетін анық нәрсе
Сен үшін
Шексіз ғалам ортасында
Сен ғана!
Көк пен жер де,
Көкжиекпен бөлінген,
Көк теңіз де,
Көз ұшында көрінген,
Көңіліңе
Сыйғыза алсаң болғаны,
Күллі ғалам
Саған сыйға берілген!
Бұйрық сырын
Сезінбесек
Өспейміз,
Күн-шуақпен
Жерден өніп, көктейміз...
Сүю үшін жаратылған ғаламды
Өктемдік қып
Неге билеп, төстейміз?!