19.07.2022
  94


Автор: Баянғали Әлімжанов

ТЕМІРҚАЗЫҚ

Дүниеден пақыр да өтер, патша да өтер,
Біреу шауып, ал біреу ақсап өтер,
Әр істің мәні болар мәңгілікте,
Фәниді сұм жалған деп, жатпа бекер.
Құр қалмай кір өмірдің базарына.
Нәпсінің ерік бермей тажалына,
Көппе сөз, бет перденің бәрі қалып
Тартылар еңбек, амал таразыға.
Десек те думан керек, дүрмек керек,
Сауал бар – қалай өмір сүрмек керек?
Қай ілім қайда, қалай бастайтынын
Сараптап ой- санамен білмек керек.
Ой көп қой, ат көтермес, атанға ауыр,
Зерделер оның бәрін шопан бауыр,
Аят пен хадистерге жете қоймас
Келсе де неше Ницше, Шопенгауэр.
Әркім де даналықты сүйер, сөгер,
Көкейге керегінше түйер, төгер,
Ақсақал аталардан артық болмас,
Көп сақал, Кант, Конфуций, Кьеркегор.
Жақын боп жүрекке жол таппас әр түр,
Қағыңды – соғындысын қақтап сарқыр,
Абсурдтық алжасудан хаостағы
Ем болмас Камю, Де Сад, Кафка,Сартр.
Ілімнің түр-түрі көп сене берсең,
Өмірге өзінше ғып береді өлшем,
Басыңда құйын соғып, сандаларсың
Соңынан әр елестің ере берсең.
Дүние жарқ-жұрқ еткен түгі жылтыр
Ер маған есің шығып, – дейді, – жыртыл!
Даңғаза жарнамалар жарға соғар,
Көбіктің көзді алдаған көбі қыртыл.
Бола алмас жарқыл-жырқыл өмірге азық,
Тозарсың ойың азып, көңіл қажып,
Қаптаған жынойнақтан сақтап қалар,
Иманың адастырмас Темірқазық!





Пікір жазу